Цех ашуға қаражат қолбайлау | «Айқын» газеті
Қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бірлесіп «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалін ұйымдастырған болатын. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген қандастарымызбен қоса, Германия, Франция, Қытай, Ресей, Моңғолия, Түркия қатарлы алыс-жақын шет елден елуден астам өнерпаз қатысты. Фестивальге қатысу үшін арнайы келген қандастардың ішінен халықтық қолданбалы өнер шебері Қабыл Қайыппен тілдестік. Моңғолиялық қолөнерші бұйымдарды жасау әдісі, тапсырыс көлемі мен сұраныс жайлы әңгімелеп берді. Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында ежелгі металлургия мен өнер жайлы сөз қозғаған еді. Шебердің әңгімесінен ұққанымыз – қолөнерді жөндеп қолға алу керек, ол үшін қаражаттың көп болғаны дұрыс. Қолөнерді отбасылық кәсіп қылып отырған Қабыл Қайып болашақта цех ашуды армандайды.
Моңғолия қазақтары қолөнерге бейім келеді. Өйткені үйде көретініміз – сол. Әкеден балаға мирас болып қалады. Ұл болсын, қыз болсын дүниеге келгеннен кейін қолөнерге үйрететін әдемі үрдіс бар әрі бір айта кетер жайт – ерекше әдіс-тәсілдер. Олардың жасалу техникасы бір-біріне ұқсамайды. Әркім жаңашыл дүние қосып, өзгеше оралым қолданғысы келеді. Шебердің бәрі сондай болады. Басқаларға ұқсамаса, көрер көзге тартымды болса дейді. Қарапайым қара темірден де түрлі бұйымдар істейміз. Яғни қоймаға арналған құлып болсын, аттың таға-шегесі – бәрі қолдан жасалады. Сұраныс мол. Себебі, біз жақтағылардың дені мал шаруашылығымен шұғылданады. Соған сәйкес, сұраныс та жоғары. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы Сеңгіл деген ауылынанмын. Қолөнер – негізгі табыс көзі. Бірақ оның сыртында мал шаруашылығымен айналысатынымызды да айта кету керек.
Біз, мәселен, көбіне ат әбзелдерін жасаймыз. Оның ішінде ер-тоқым, құйысқан, өмілдірік, жүген, ноқта тағысын тағылары бар. Сол сияқты белдік, сырға, білезіктің де түр-түрін жұрт назарына ұсынып жүрміз. Бастысы, сырт көрінісі қандай көркем болса, сапасы да сын көтерердей болғанын қалаймыз. Өйткені тұтынушының ақысын алған соң, заттың ұзаққа шыдас бергені жөн. Айталық, ер-тоқым қайың не терек секілді ағаштардан қиыстырып жасалады. Себебі, сол материал жақсырақ. Әшекей бұйымдарға келер болсақ, күмісті қақтау, кей жерлерде таптау деп атайтын әдіс арқылы жұқартамыз. Темірден жасалатын кеп, яки қалып бар. Соны қолданып, бағана дайындаған күмісті қорғасынның бетіне қалыппен ұрып, өрнегін түсіріп аламыз.
Тапсырысты үлкен не кіші деп қарастырамыз. Мәселен, белбеу істетсе, ол кіші тапсырыс саналады. Бұйымдардың бағасы оған кететін материалға байланысты. Дереу бітіру керек болса, оған көбірек ақша беруіңіз керек демейміз. Бүгінгі нарықта осындай заңдылық бар екен. Мерзімін тездеткен жағдайда үстіне құн қосады. Мұндай дүние бізге әлі келе қойған жоқ. Материал мен еңбектің ақысын ғана аламыз. Негізі Моңғолиядағыдан гөрі бағасы бұл жаққа келгенде сәл көтеріледі. Өйткені жолға кеткен ақшаны есептейміз. Айталық, белбеудің бағасы – орта есеппен 100 мың теңге. Қолдан жасалған дүниелерді жасауға ұзақ уақыт қажет. Соның ішінде – әшекей бұйымдар. Өйткені олар нәзік келеді. Тез біте салуы қиын. Тапсырыс қабылдағанда міндетті түрде уақытын нақтылап аламыз. Мерзімінен шатасып кетсе, табанасты жасап беруіміз екіталай. Ер-тоқымды ең тез дегенде 20 күнде бітіреміз.
Бүгінде қолымнан келетін өнердің бәрін екі ұлыма үйретіп жатырмын. Олар да шаруаға жарап қалды. Қол ұшын беріп, көмектеседі. Екі қызым да қолөнерден кенде емес. Кесте тігеді, киім тоқиды. Тұрмысқа қажет заттардың денін қолдан жасай алады. Қыздарыма мұны үйрет-
кен – әйелім. Өзі де шебер кісі. Өрмек тоқу, сан түрлі кілем, бау, басқұр, алаша, қоржын, аяққап тоқу мен текемет басып, сырмақ сыру, тұскиіз жасау сияқты өнері бар. Одан бөлек, қоржын, дорба секілді бұйымдарды жасауға машықтанған.
Болашақта үлкен цех ашқымыз келеді. Бала-шағамыз болып жиылып, бірлесіп жұмыс істеуді мақсат етеміз. Бірақ жүзеге асыруға қаражат қолбайлау болып отыр. Өйткені үлкен көлемде қаржы қажет. Шаруасы да шашетектен. Негізі басында талпынып, бастап көрген едік. Дегенмен дамыта алмадық. Сөйтіп бұрынғыша, осылай кішігірім шеберханамызда жалғастыра береміз деп шештік.
Айша ЕРСҰЛТАН
Дереккөз: Айқын