CAS қазақстандық биатлоншы Вишневскаяның шағымын қанағаттандырды
Спорттық арбитраж соты (CAS) «уақытша жарыстардан шеттетілген» қазақстандық биатлоншы Галина Вишневскаяның шағымын қанағаттандырып, халықаралық турнирлерге қатысуға рұқсат берді. Бұл туралы Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті мен Халықаралық биатлон одағы (IBU) хабарлады.
«CAS үкіміне сай, Халықаралық биатлон одағы Вишневскаяны жарыстан уақытша шеттету шешімінің күшін жоюы тиіс. Вишневская енді барлық жарысқа қатысуға құқылы» деп мәлімдеді Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті.
CAS «допинг дауына ілінген» қазақстандық тағы бір биатлоншы Дарья Климина-Усанованың шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. Климина-Усанованың шағымы не үшін қанағаттандырылмағаны белгісіз.
2018 жылы қарашаның соңында Халықаралық биатлон ұйымы (IBU) Қазақстан биатлон құрамасының тоғыз мүшесін «допинг ережесін бұзды»деп уақытша жарыстардан шеттеткен. Олардың арасында Қазақстан биатлон құрамасының көшбасшысы – Азия ойындарының, қысқы универсиаданың чемпионы, әлем кубогы кезеңінде медаль алған Галина Вишневская болған. IBU Қазақстанның тоғыз спортшысын жарыстардан уақытша шеттетіп, оларға қатысты тексеру бастаған.
2017 жылы қаңтарда Италияның Антерсельва қаласындағы қоқыс жәшігінен шприц, препараттардың қалдығы, жарыстарға берілген аккредитация салынған қорап табылған. Полиция бұл қорапты Австрияның допингке қарсы агенттігіне берген. Австрия тарабы бұл қорап Қазақстан құрамасына тиесілі деп мәлімдеген. 2017 жылы ақпанда әлем чемпионаты алдында Австрия полициясы Қазақстан құрамасы тұрып жатқан қонақ үйді тексеріп, спортшылардан допинг анализдерін алған. Қазақстан спортшыларының сынамасынан допинг табылмаған. Ал 2018 жылдың қарашасында IBU бұл істі қайта қозғап, Галина Вишневская бастаған Қазақстанның тоғыз спортшысын уақытша жарыстан шеттеткен. Қалған жеті қазақстандық биатлоншының жағдайы әзірге белгісіз.