Capital bank салымшыларға ақша беруден бас тартты. Мұндайда не істеу керек — Қазақстан жаңалықтары

0

«Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары қиындықтарға тап болып отыр – олар шотынан ақша шеше алар емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне банк клиенттері айтып берді. 

капитал банк

«2 аптадай уақыт бұрын басқарма төрағасы Байниетова Д. атына өтініш жаздым. ЖК шотында жатқан қаражат – миллион теңгеден астам ақшаны маған төлеуді сұрадым. Әзірге дейін ақша жоқ. Capital Bank ақшаны басқа банктегі шотыма аударудан бас тартып отыр. Қызметкерлер күтуімді сұрап, бұл бөгелестің «Тенгри банкпен» бірігуге қатысты болып жатқанын айтты», — деді салымшылардың бірі. 

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда үш банк бірігеді деп күтілуде: «Тенгри банкке» Capital Bank Kazakhstan және AsiaCredit Bank қосылады. Банк акционерлері 2019 жылы 25 шілдеде ортақ жиналыстан кейін қайта құру туралы шешім шығарды. 

Қазақстан Ұлттық банкі баспасөз қызметінің сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Әлия Адамбаева сұратым хатқа жауабында егер салымшылар банктің іс-әрекеттерімен келіспесе, олар өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін шағым-талап беруге құқылы екенін айтты. 

«Сондай-ақ, егер салымшылар олардың құқықтары бұзылған деп есептесе, Ұлттық Банкке және оның аумақтық филиалдарына өтініш білдірулері қажет. Филиалдардың мекенжайларын Ұлттық Банктің сайтынан «Ұлттық Банк туралы» бөлімінен, «ҚҰБ құрылымы» — «Филиалдар» шағын бөлімінен білуге болады. Алматы тұрғындары қоғамдық қабылдау бөлмесіне өтініш білдіре алады, ол Алматы қаласы, Әйтеке би көшесі, 67 мекенжайы бойынша сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін (үзіліс 13:00-ден 14:30-ға дейін) жұмыс істейді.

Қоғамдық қабылдау бөлмесінен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша консультациялар және банк, сақтандыру, зейнетақы салаларында, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы саласында қолданыстағы заңнаманың нормаларын түсіндірулерді алуға болады. Алдын ала жазылу талап етілмейді. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің телефондары: +7 727 2788 104 (ішкі 5571 немесе 5573), +7 727 2619 213″, — делінген хабарламада. 

stan.kz