БЖЗҚ 120 мың азаматтың зейнетақы шотын жабады

0

Қазақстанның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында «бос» шоттар жабылады.

БЖЗҚ 2021 жылдың 01 наурызынан бастап зейнетақы жинағын есепке алуды жүргізу қағидаларының күшіне енгені туралы хабарлады. Осы ережеге сәйкес дербес зейнетақы шотында зейнетақы жинағы болмаған жағдайда бұл шот 1 ай өткен соң жабылады.

Сонымен қатар БЖЗҚ-да бұрын ашылған, яғни азамат жұмысқа тұрып, шот ашуға өтініш берген немесе зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан, бірақ белгілі бір себептермен аударым жасамаған жағдайда ашылған шоттар да жабылады. Сол сияқты зейнетақы жинағы болған және зейнетақы жинағының барлық сомасы төленіп, аударым орындалған соң жинақтаушы зейнетақы шотына төлем жасағаннан кейін бір ай ішінде зейнетақы жарналары түспеген жағдайда да шоттар жабылады.

1 ақпандағы мәлімет бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағы жоқ шоттардың саны шамамен 121 мың бірлікті құрап отыр.

БЖЗҚ-да зейнетақы шотын ашу

БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) есепке алатын дербес зейнетақы шотын ашу үшін жеке тұлғаға зейнетақы қорына жүгінудің қажеті жоқ. Алғашқы жарна түскен кезде БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде автоматты түрде шот ашылады. Ал бұл шот иесінің жеке тұлғасын сәйкестендіру зейнетақы жарнасын аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес мәліметтер бойынша орындалады.

Реквизиттер туралы барлық қажетті мәліметті БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады.

БЖЗҚ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан электронды хабарлама алған күннен бастап салымшы міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартпен келіскен болып есептеледі.

Тиісті жарналарды жұмыс беруші бірінші жалақыдан аударады. Сонда зейнетақы жарналарының есебіне арналған жинақсыз «нөлді» шоттар пайда болуы мүмкін емес.