БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын қолдады

0

Қазақстанның БҰҰ жанын­дағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Африканың мүйісінде, соның ішінде Эритрея, Эфио­пия, Джибути және Сомали елдеріндегі теңдессіз оң өзге­ріс­терді атап өтті. Үстіміздегі жыл­дың маусым айында бүкіл әлем Эритрея мен Эфиопия арасындағы тарихи татулыққа куә болды – екі елдің басшылары саяси ерік-жігер танытып, 80 мыңнан астам адамның өмірін қиған 20 жылдық текетіресті тоқтатты.

Бұл оқиға 10 жыл ішінде аумақтық қақтығыстарға орай бөлінген Эритрея мен Джибути арасындағы жоғары деңгейдегі алғаш­қы байланыстарға жол аш­ты. Екіжақты келісімдермен қатар Эритрея, Эфиопия және Сомали саяси, экономикалық, әлеу­меттік және мәдени байланыстарды нығайтуға және өңір­лік бейбітшілікті, қауіпсіздік­ті және дамуды ынталандыру жө­нін­дегі күш-жігерлерін ор­натуға келісті.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Қ.Омаров: 

«Өңірдегі бейбітшілік өңір­лік көшбасшылардың батыл шешімдерінің нәтижесі болды. Бұл ұзаққа созылған шие­леністердің, қақтығыстар мен бәсекелестіктің дәуірі­нің аяқталғанын көрсетеді және бейбіт, өзара тиімді ынты­мақ­тастықтың жаңа дәуіріне жол ашады. Дипломатия, делдалдық, сенімді нығайту және диалог, дамудағы инвестициялармен қатар, елдер арасындағы даулы мәселелер­ді шешудің сенімді жолы. Біз Джибути мен Эритрея арасындағы өзара іс-қимылды қолдаймыз және оларды екі­жақты қарым-қатынастарда қалған мәселелерді шешу үшін одан әрі күш-жігер жұмсауға шақырамыз», деді.

Қазақстан Эритреяға қар­сы санкцияларды алып тастау туралы шешім үшін дауыс берген кезде, өзінің Афри­­када бейбітшілік пен қауіп­­сіз­­дікті орнатуға деген ұм­ты­лысын басшылыққа алды. Еліміздің Қауіпсіздік Кеңе­сін­дегі жұмысының осы бағы­ты Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне саяси жолдауындағы 7 ба­сым­дықтың бірі болды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сомали және Эритреяға қатыс­ты санкциялар жөніндегі ко­митетінің төрағасы ретінде Қазақстан Эритреядан санкцияларды алып тастау туралы Кеңес мүшелерінің ше­шіміне елеулі үлес қосты. Қазақ­станның Эритреямен ын­­ты­мақтастықты нығайту жө­нін­дегі күш-жігері осы елге қар­сы 9 жылдық санкциялар ре­жі­мі аяқталуының маңызды алғышарты болды.

Қазақстандық делегацияның санкциялық комитеттің бас­шы­сы ретінде атқарған жұмы­сы­ның қорытындылары Қауіп­сіздік Кеңесі мүшелері тарапынан жоғары бағаға ие бол­ды. Отырыс барысында Эритрея мен Джибути делегация­лары Қазақстанға өңірдегі тұрақ­ты бейбітшілікті орнатуға толық­қанды қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Эритреяға қарсы санкциялар 2009 жылы енгізілген болатын.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қа­был­даған қарарға қару-жарақ эмбаргосын алып тастау, жол жүруге тыйым салуды, актив­терді тоқтатуды және мақсатты санкцияларды жою кіреді.

«Егемен-ақпарат»