БҰҰ-ның Малидегі миссиясына шабуылды «Әл-Қаида» бөлімі мойнына алды

0

«Әл-Қаида» ұйымымен байланысы бар «Нусрат әл-Ислам» тобы Малидің солтүстігінде БҰҰ бітімгерлік миссиясына жасалған шабуылды мойнына алды. «Нусрат әл-Ислам» тобы бұл туралы мәлімдемесін 21 қаңтарда Telegram каналында жариялады. Мәлімдемеде 20 қаңтар күні Малидің Агельхок елді мекенінде болған шабуылдың «Чад президенті Идрис Дебидің Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасты қайта бастау туралы шешіміне жауап ретінде жасалғаны» айтылады. Шабуылдан Чадтың 10 әскери қызметкері қаза тауып, 25-і жараланған.

БҰҰ-ның хабарлауынша, «Ақ каска» ұйымы содырлар шабуылына тойтарыс беріп, бірнешеуінің көзін жойған. Алайда, нақты қанша содырдың өлгені айтылмайды.

Батыс Африкада орналасқан Малиде 2013 жылдан бері БҰҰ-ның 100-ден астам әскери қызметкері қаза тапты. 2012 жылы содырлар Малидің солтүстік бөлігін басып алған соң бұл елде БҰҰ бітімгерлік миссиясы аясында 13 мың бітімгер орналастырылған. 2013 жылы француз әскерилері содырларды тықсырып шығарған. Малиде қазір төрт мың француз әскері бар.

2015 жылы Мали үкіметі мен қарулы топ арасында бейбіт келісім жасалғанымен, исламшыл топ шабуылы әлі тоқтамай тұр.

Дереккөз: Азаттық