БҰҰ-ның адам құқығы комитетінен Қастер мен Мұрагерге араша сұрады

0
40

Қытайдың Шыңжаң аймағында туып-өскен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының тағдырына алаңдаған «Атажұрт еріктілері» қоғамдық ұйымының бір топ өкілі мен белсенділер қаңтардың 17-і күні БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің алдына барып, хат тапсырды. Олар халықаралық ұйымнан «Шыңжаңдағы қысымнан қашқанын» мәлімдеген және Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған екі азаматты Қытайға қайтармай, тарихи Отанында қалдыруға жәрдем сұрап, өтініш айтты.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов сұхбаттарының бірінде оларды (Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы – ред.) Қытайға депортациялайды деп айтты, осылайша оларды өлімге итерді. Қытайда оларды тек өлім күтіп тұр. Олар Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық өлкесі Тарбағатай облысы Дөрбілжін ауданында тұрғандықтан бұл аймақ саяси қысымға қатты ұшыраған» делінген БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитетіне жазылған хатта.

Оның авторлары «Сіздерден осы іске назар аударуыңызды сұраймыз, бұл екі азаматқа босқын мәртебесін беріп, олардың Отанында – Қазақстанда қалуына көмектесулеріңізді сұраймыз» деп аяқтаған.

«Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Қайрат Байтолланың айтуынша, Нұр-Сұлтан уақытымен қаңтардың 17-і күні таңертеңгі сағат 11:00 шамасында хатқа 9 адам келіп, қол қойған. Ол тағы да адамдар келетінін айтып, алдын ала қолдауға ниет білдіргенін жеткізді.

Бұған дейін Human Rights Watch және Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермеуге шақырған.

Қаңтардың 9-ы күні таратқан мәлімдемесінде HRW Қазақстанның «Босқындар туралы» конвенцияны, БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясын мақұлдағанын еске салып, оны «халықаралық құқықтық міндеттемелерді орындап, азаптауға ұшырауы мүмкін елге босқын мәртебесін сұрағандарды қайтармауға» үндеген.

Қазақстанның өз ішінде де белсенділер Мұсаханұлы мен Әлімұлын Қытайға қайтармауды талап еткен.

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып өскен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға «шекараны заңсыз кесіп өткені» туралы ақпарат өткен жылы қазан айының басында тараған. Қазанның 14-і күні Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» айтқан еді. Қазанның ортасында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ол екеуін «шекарадан заңсыз өтті» деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында «пана іздеуші тұлға» куәлігі берілген еді.

Олардың ісі бойынша Зайсандағы сот процесі қаңтардың 6-ы күні басталған. Бұған дейін адвокат Ләззат Ахатова Шыңжаңда қалған олардың туыстарына да Қытай билігі қысым жасағанын айтқан.

Azattyq