БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі қамалған жастар туралы айтты

0

Сәуірдің 27-сі күні БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Facebook-тағы парақшасында Алматы марафонында баннер ілгені үшін қамалып, айыппұл төлеген жастар ісіне байланысты ұйым пікірін жариялады. Онда жастардың баннер іліп, «әділ сайлау және саяси белсенділікке» шақырғаны жазылған.

«Бейбіт жиналу және пікір айту еркіндігі — демократиялық қоғамның дамуына қажетті маңызды критерий. Адам құқығы бойынша халықаралық құқыққа сәйкес, мемлекеттер бұл құқықтарды тек нақты жағдайларда шектей алады. Азаматтардың заңды пікір айту құқығы тапталмас үшін оларды шектейтін кез келген әрекет өте мұқият қарастырылуы керек» деп ұйым БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесінің жетекшісі Ришард Коменданың пікірін келтірген.

Алматы әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген жазуы бар баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамаған. Баннерде «#меніңтаңдауымбар #adilsailayuzhin» деген жазулар да болған.

Сот осы акцияны камераға түсірген тағы үш белсенді Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да «митинг өткізу тәртібін бұзды» деп, 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған.

Бұл іске байланысты пікірін айтқан Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев белсенділердің «марафон өткізуге кедергі жасағанын» айтқан.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Freedom House және Amnesty International Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырды.

Қамауда отырған Әсия Төлесованың жақындары мен адвокаты 23 сәуірден бері аштық жариялап отырғанын хабарлады. Бұл ақпаратты Қазақстан бас прокуратурасы да растады.

Чехия, Франция, Ұлыбритания және Италия, Грузияда оқитын қазақстандық студенттер осы елдердегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері алдында және өзге орындарда Төлесова мен Толымбековті қолдап, «Шындықтан құтыла алмайсың» акциясын өткізді.

Azattyq