БҰҰ бас хатшысы Тоқаевқа қоңырау шалды — Қазақстан жаңалықтары

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Әңгіме барысында БҰҰ мен Қазақстанның COVID-19 пандемиясын және оның зардаптарын бейтараптандыру бойынша қабылдаған практикалық шаралары талқыланды.

Мемлекет басшысы БҰҰ бас хатшысының пандемияның ұлттық денсаулық сақтау жүйелері мен экономикаға тигізетін кері әсерін азайту жөніндегі белсенді әрекеттерін жоғары бағалады. Президент қазіргі уақытта ұйымның және оның ведомстволарының жаһандық дағдарысқа қарсы күш-жігерінің басты рөлін растайтындығын атап өтті. Қазақстан БҰҰ-ның халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға және экономиканы қалпына келтіруге бағытталған бастамаларын толығымен қолдайды.

Өз кезегінде Антониу Гутерриш Қазақстан президентіне БҰҰ күн тәртібін дәйекті түрде қолдағаны және аймақтық деңгейде коронавируспен күреске қосқан қомақты үлесі үшін алғыс айтты. Бас хатшы Қазақстанның азаматтарының денсаулығын сақтау, халықтың әлсіз топтарына қаржылай көмек көрсету, бизнесті қолдау және дағдарыстан кейінгі кезеңде жаңа экономикалық бағыт құру саласындағы қабылдаған шараларын құптады.

Сонымен бірге, Антониу Гутерриш Қазақстанның 2020-2021 жылдарда теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ дамушы елдер тобына төрағалық етуіне оң баға берді және Қасым-Жомарт Тоқаевты «COVID-19 кезеңінде дамытуды қаржыландырудың жоғары деңгейлі сегментіне» қатысуға шақырды. 

Іс-шара 28 мамырда бірнеше мемлекет басшылары мен көпжақты институттар басшыларының қатысуымен бейнеконференция форматында өтеді. Оның негізгі тақырыбы жалғасып жатқан коронавирустық індет жағдайында аз дамыған және дамушы елдерді қолдауды талқылау болады.

Теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдер тобына 32 мемлекет кіреді (Африкада — 16, Азияда — 10, оның ішінде 5 мемлекет — Орталық Азия мен Ауғанстан, 4 — Еуропа және 2 — Оңтүстік Америкада). Төрағалық ету аясында Қазақстан «теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ дамушы елдер үшін Вена іс-қимыл бағдарламасының 2014-2024 жылдарға» орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

stan.kz