БҰҰ адам құқығы комитеті белсенді Инсенованың арызына қатысты шешім шығарды

0
59

БҰҰ адам құқығы жөніндегі комитеті қазақстандық белсенді Дилнар Инсенованың арызын қарап, «Қазақстан билігі оның бейбіт жиынға шығу және өз пікірін ашық айту құқығын бұзды» деген шешім шығарған. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 7 тамызда Facebook парақшасында хабарлады.

Инсенова БҰҰ адам құқығы жөніндегі комитетіне «Қазақстан билігі 2013 және 2014 жылдары түрлі шараларды ұстап, айыппұл салып, бейбіт митингіге шығу құқығымды бұзды» деп шағымданған. Комитетке шағымды жіберуге құқық қорғаушы Төреғожина көмектескен.

2013 жылы 5 қыркүйекте Алматы полициясы Инсенованы «үйсіздердің съезіне» шақырту таратып жүргенде ұстаған. Белсенді бұл жиынды көшеде емес, жабық ғимаратта өткізбек болған. Одан кейін Инсенова 2014 жылы 15 ақпанда Алматыда алдын ала жоспарланбаған теңге девальвациясына қарсы наразылық шарасы кезінде ұсталған. Сот белсендіні жиын өткізу заңын бұзды деп айыппұл салған. Апелляциялық сот Инсеноваға шыққан алғашқы инстанцияның шешімін өзгертпеген.

БҰҰ адам құқығы жөніндегі комитеті «ұйым мүшесі Қазақстан азаматтық және саяси құқық бойынша халықаралық пактінің 19 және 21 бабын бұзды» деп тапқан. Комитеттің пайымдауынша, Қазақстан Инсенованы жазалаған кезде оның әрекеті мемлекеттің қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіп пен халықтың денсаулығына қандай қауіп төндіргенін түсіндірмеген.

Пактінің 2 бабына сай, БҰҰ мүшесі саналатын ел құқығы бұзылған адамның шығынын толық өтеуі тиіс. БҰҰ адам құқығы жөніндегі комитетінің шешімінен кейін шағымданушы оның орындалуын талап етіп, сотқа арыздана алады.

Комитет Қазақстан билігін мұндай жағдайды қайталамауға, азаматтардың бейбіт митингіге шығу құқығын қамтамасыз ету үшін заңнамаларды қайта қарауға шақырады.

Azattyq