Бұрынғы Сыртқы істер вице-министрі Асқар Мусинов қайтыс болды
Қазақстанның бұрынғы Сыртқы істер вице-министрі Асқар Мусинов қайтыс болды, деп хабарлайды сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметі.
«63 жасында мемлекет қайраткері, көрнекті қазақстандық дипломат, Төтенше және Өкілетті Елші Асқар Ахметұлы Мусинов кенеттен қайтыс болды. Көпжылдық дипломатиялық мансап барысында ол ҚР шет елдердегі мекемелерінің СІМ орталық аппаратындағы барлық жетекшілік ететін жұмыс учаскелерінде Қазақстанның мүддесін тамаша қорғап, алға қойылған міндеттерді кәсіби түрде шешу қабілеті мен терең білімін көрсетті. СІМ-нің Жауапты хатшысы және сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымында Таяу Шығыс және Африка континенті елдерімен екіжақты қатынастарды нығайтуға, консулдық қызмет пен мемлекеттік хаттаманы дамытуға елеулі үлес қосты», — делінген сенбі күнгі хабарламада.
СІМ-де нақтыланғандай, Асқар Мусин Египеттегі, Сауд Арабиясындағы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі және Оңтүстік Африка Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елші ретінде Қазақстан Республикасының мүдделерін кәсіби түрде насихаттап, қорғады. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Бас хатшысының Ғылым және техника жөніндегі орынбасары және азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының Бас директоры ретінде халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылық ісіне адал қызмет етті.
«Дипломатиялық қоғамдастықта ол өз Отанының нағыз патриоты, жоғары деңгейдегі дипломат және араб бағытындағы қазақ дипломатия мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде танымал болды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басшылығы мен ұжымы Асқар Ахметұлының туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Үлкен кәсіпқойдың, мейірімді және жанашыр досының, тәлімгердің, үлгілі отбасының, терең лайықты адамның жарқын бейнесі біздің жадымызда мәңгі қалады», — деп толықтырды СІМ.
фото: ашықдереккөз