Бұрынғы сыныптастар 70 жылдан соң кездесіп, бір-біріне ғашық болып қалды

0
838

Ұлыбританияда бұрынғы сыныптастары айырылысқаннан кейін 70 жылдан соң бір-бірін тауып, жақсы көріп қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

81 жастағы Тони Джексон және 80 жастағы Глория Лукс бала кезінен таныс болған. Олар бастауыш мектепте бірге оқыды, дос болды және театр қойылымдарында ойнады. Алайда, 1950 жылдардың басында мектепті бітіргеннен кейін олардың жолдары екіге бөлінді. Содан бері олар бір-бірін көрмеген.

Бұрынғы сыныптастар тек 2003 жылы байланысқан, ол кезде Джексон Лукске түлектер кездесуіне келмегені үшін кешірім сұрап хабарласқан. 2020 жылы ер адам ескі қағаздарды қарап отырып Глорияның телефон нөмірін тауып, онымен сөйлесуге бекінеді.

Содан бері қарттар қайтадан сөйлесе бастаған. Ал COVID-19 пандемиясы оларды одан сайын жақындатты — бірнеше рет кездесіп, күніне бес-алты рет қоңырау шала бастады және көп ұзамай бір-біріне деген сезімін мойындады.

Лукстың айтуынша, күйеуі қайтыс болғаннан кейін жаңа қарым-қатынас орнату туралы ойламаған, бірақ мектептегі досының пайда болуы бәрін өзгерткен.

Джексонның да жары бақилық болған, оның балалары мен 16 немересі бар.

Қазір зейнеткерлер Ұлыбританияның түкпір-түкпіріне саяхатауды жоспарлап отыр.

«Біз көп уақытты жоғалттық және оны толтыру керек», — деді Тони Джексон.