бұрынғы парламент депутаты президент сайлауына түседі

0

ҚР Кәсіподақтар федерациясының атқарушы комитеті ұсынған екі үміткердің бірі Мұхтар Тінікеев сайлауға қатысудан өз еркімен бас тартты

АЛМАТЫ, 24 сәуір – Sputnik. ҚР Кәсіподақтар федерациясы президент сайлауына экс-депутат Амангелді Таспиховтың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Кәсіподақтар федерациясының атқару комитетінің отырысында екі үміткер ұсынылды. Бірақ оның бірі, федерация төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев президенттіке сайлауға қатысудан өз еркімен бас тартқан.

«Мені үміткер ретінде ұсынуға негіз жоқ, өйткені менің қазақ тілімнің деңгейі оған мүмкіндік бермейді «, – деді Тінікеев жиында.

Амангелді Таспихов кім

Амангелді Таспихов 1959 жылы 20 қарашада Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Негізгі мамандығы – инженер-механик. 1998-2002 жылдары парламент сенатының депутаты, 2004-2007 жылдары мәжіліс депутаты болды. Кейін Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты қызметін атқарды. Қазір ол Батыс Қазақстан облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

Қазақстан президенттігіне үміткерлер

Айта кетсек, бірінші болып «Ұлы Дала қырандары» республикалық қозғалысы президентікке жазушы, журналист Сәдібек Түгелдің кандидатурасын ұсынған болатын. Ал 23 сәуірде өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезінде қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік партиясы атынан сайлауға түсетіні белгілі болды.

Басқа да саяси партиялар бірінен соң бірі президенттікке кандидаттарын ұсына бастайды. «Ақ жол» партиясының съезі 24 сәуірде өтсе, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы 25 сәуірде жиналады. Қазақстанның коммунистік халық партиясының делегаттары 26 сәуірде бас қосады. Ал «Бірлік» партиясы уақыт тапшылығына байланысты сайлауға қатысудан бас тартты.

Кезектен тыс президент сайлауы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде ел халқына үндеу жасап, елде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Мемлекет басшысы сайлауды 2019 жылдың 9 маусымына белгіледі.

Президенттікке кандидаттарды ұсыну 28 сәуір сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Үміткерлерді елімізде тіркелген саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Әр кандидат 118 140 сенімді сайлаушының қолын жинауы тиіс. Кандидаттарды тіркеу 11 мамырға дейін жалғасады.

Кезектен тыс президент сайлауына үкімет резервінен 9,4 миллиард теңге бөлінетін болды. Қаржының негізгі бөлігі республика бойынша құрылатын 10 мың сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға бағытталмақ.

Кандидаттарға қойылатын талаптар

Президенттікке кандидат тумысынан Қазақстан азаматы, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұратын және жоғары білімі бар республика азаматы болуы тиіс. 

Бұған қоса, президент болып сайлану үшін азаматтың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ белсенді сайлау құқығы болуы тиіс.

Сондай-ақ, Қазақстан президенттігіне ұсынылатын кандидаттар 107 түрлі жүйке дертіне тексеріледі.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз