Бұрынғы депутат Нығматулиннің әулеті атынан Дубайда 50-ден астам үй сатып алынғаны белгілі болды

0
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың серігі саналған Нұрлан Нығматулин әулетінің Дубайдағы мүлкі әшкере болып жатыр.

Бұрынғы депутат Нығматулиннің әулеті атынан Дубайда 50-ден астам үй сатып алғаны белгілі болды, деп жазды azattyq.org.

C4ADS ұйымы Азаттыққа берген дерекке қарағанда, Дубайда Нығматулиннің әйелі Венера Баймырзаеваның атына 50 шақты жылжымайтын мүлік тіркелген.

Соның алғашқысы – 860 шаршы метрлік вилла. Living Legends деп аталатын коттедж қалашығындағы бұл жылжымайтын мүліктің құны 670 млн теңгенің (1,5 млн доллар) айналасында.

Сондай-ақ, FAIROOZ деген ғимаратта Венера Баймырзаеваның атына аумағы 500 шаршы метрлік апартамент тіркелген. C4ADS ұйымы оның нарықтағы құны шамамен 850 млн теңгеден (1,9 млн доллар) асатынын есептеген.

C4ADS дерек базасында Баймырзаева – Дубайдың орталығында бұдан өзге премиум санаттағы бірнеше пәтердің иесі деп көрсетілген. DM MESK кешенінде жалпы құны жарты млрд теңгедей (1 млн доллар) екі пәтер, ROYAL OCEANIC ғимаратында 270 млн теңге (600 мың доллар) шамасында тұратын апартамент, REGAL TOWER кешенінде 250 млн теңгенің (550 мың доллар) пәтері, BAHAR кешенінде 150 млн теңгеден (380 мың доллар) қымбат тұратын пәтер Баймырзаеваның атына жазылған.

Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстанда Нұрлан Нығматулиннің әйел, бала-шағасының иелігінде түрлі компаниялар бар. Әйелі Венера Баймырзаева негізінен елдегі жылжымайтын мүліктері арқылы кәсіп жасайды.