«Бұрын-соңды бұлай жыламаппын»: Балғынбек Имашев Бейсен Құранбектің қазасы жайлы — Қазақстан жаңалықтары

0

Айтыскер ақын Балғынбек Имашев марқұм болған Бейсен Құранбектің қазасына қайғыра отырып, қоштасу өлеңін арнады.

«Көзден жасым тоқтар емес! Соңғы рет бұлай қашан жылағаным есімде жоқ. Еңкілдеп, еңіреп, есеңгіреп отырғаным жоқ. Еріксіз көзімнен қимастық пен сағыныштың жасы толассыз төгіліп жатыр. Бәлкім, бұрын-соңды бұлай жыламаған да шығармын», — деп жазды ақын парақшасында.

Тоқтады таза, сұлу ғұмыр бүгін,
Жоқтады бүкіл қазақ тұғырлы ұлын.
Баянсыз тұрлауы жоқ тіршілікте,
Бейсенсіз батады енді бүгінгі Күн.

Бейсенсіз апта да өтер, ай да, жыл да,
Өлшейік ой ауыр ма, қайғы ауыр ма?
Әуелі жақсыларын жоғалтыпты,
Қор болған қарасаң да қай қауымға.

Жүректен өшпеген соң Бейсен әлі,
Қимайтын сезімдеміз бейсаналы.
Көңілде Бейсені жоқ жандар ғана,
«Иманы жолдас болсын» дей салады.

Әуелден «Иманы оның жолдасы» еді,
Жүрегі — Мейірімнің ордасы еді.
Имансыз, Мейірімсіз, Махаббатсыз,
Біз білген Бейсен Бейсен болмас еді.

Жігітті хан мойындап, сыйлаған ел,
Құдайы сүйген құл деп илана бер.
Себебі, ол — ғұмыр бойы бар қазақтың,
Қайғысын Жүрегіне жинаған ер!

Адамның көмірі көп, аз алтыны,
Бір келер әр жандыға ажал түбі.
Білгенге сынақ, қайғы, айықпас дерт —
Алланың сүйген құлын тазартуы.

Қан жылап жүрегіміз, жай туламай,
Келіп тұр ажал жайлы айтуға орай.
Тазарған Күнәсынан шын Мүмінге,
Рақымды Раббысына «Қайту да оңай»

Дауысың тыңдағанға ұнамды еді,
Әр ісің, қарекетің құнарлы еді.
Ұлы Айда Құран түскен Хаққа қайтқан,
Бақұл бол, бар Қазақтың Құранбегі!


Мұхтар Ниязов: Өмірі көркем ағамыздың өлімі де көркем болды



stan.kz