«Бұрын өзімді аямайтынмын»: Ауруханада жатып, ауыр отадан өткен тележүргізуші жазушлыққа бет бұрды — Қазақстан жаңалықтары

0

Тележүргізуші Мұхит Сапарбаев барлық қазақтың өмірін 180 градусқа өзгерткісі келеді. Сол себептен ол өз өмірінен алынған кітап жазыпты. Енді өзі ғана емес, басқалар да бақытты болсыншы дейді. Жеке өмірін көпшіліктен жасырып келген Мұхит мырза екінші жартысы барын және оның шоу-бизнестегі адам екенін Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Мұхит сапарбаев
–    Мұхит, жуырда кітап жазып, оның тұсаукесерін өткіздіңіз. Жұлдыздармен көп араласыз, олар келіп, қуанышыңызбен бөлісті ме?

–    Кітап презентациясын біз шоу-бизнес үшін және оларды бір жерге жинау үшін жасаған жоқпыз. Кітабымның тұсаукесеріне менің қонақтарым, оқырмандарым, жақын араласатын достарым шақырылды. Ол жерде «мынау әнші досым еді» деп көрсететін кеш болған жоқ. 

–    Кітапты жазуға не түрткі болды?

–    Кітап екі жыл бұрын бір ай төңірегінде жазылған. Ота жасатып, ауруханада жатқанмын. Сол кезде қолға алдым. Бірақ сандықта жатқан еді. Біз үнемі көп нәрсені кейінге шегереміз ғой. Бақытты болуды да болашақтың еншісіне қойып қоямыз. Мен де солай едім. 2017 жылы шығатын кітап болатын, бірақ осы жылға бұйырыпты. 

–    Кітап не туралы? 

–    Кітап біз бен сіз туралы. Біздің қоғамда өмір сүретін әрбір қазақ туралы. Біз үнемі ізденіс үстіндеміз, бірнәрсе жетпей тұрады. Бақытты, тыныштықты іздейміз. «Бақыт» кітабы бүгінгі күн мен өткен өмірдің аражігін ажыратып, осы шақта бақытты болу керектігін үйретеді. Көп адамдар ұйықтап жүреді, айналасында не болып жатқанын көрмейді. Сондықтан оларға көмектесу мақсатында «Бақыт» кітабын жаздым. Бүгінгі таңда психолог, коучтарға бару өте қымбат, көп адамдардың қалтасы көтермейді. Бұл кітап психологтың кім екенін білмейтін қарапайым қазаққа көмекші құрал. Кітабым әр адамның өмірін 180 градусқа өзгертеді. Өйткені менің өмірімді өзгертті. Ерекше кітап деп айта аламын. 

–    Соңғы уақытта психологиялық кітаптар жазушылар көбейіп кетті…

–    Мен ешкімнің кітабын оқымадым. Көп жылдардан бері журналист болып істеймін. Сондықтан нарықтағы болып жатқан нәрселерді көрмеуге тырысамын. Себебі әр кітаптың, не болмаса журналистің шығатын өз биігі бар. Мен ешкіммен жарыспаймын, аңдымаймын. Бәрін сыйлаймын, бірақ әзірге оқуға мүмкіндігім жоқ. 

Айсәуле

–    Бізде психологиялық тренингтерге, не болмаса басқа курстарға қатысқан әнші немесе журналистер бірден психолог боп шыға келеді. Неге?

–    Мұхит Сапарбаев — халықаралық деңгейде сертификаты бар, адамдармен жұмыс жасауға құқығы бар коуч маман. Кәдімгідей жоғары деңгейдегі ұстаздардан тәлім алдым. Көп уақытымды, қаншама қаражатымды жұмсап білім алдым. Ал кім қайдан білім алып, қандай үгіт-насихат жасап, қандай жолды сілтеп жатқанын білмеймін. 

–    Ендігіде сіздің де психолог болуыңыз мүмкін бе сонда?

–    Телевидение саласынан мүлдем кетемін деп айта алмаймын. Қазір отандық телеарналардың ешқайсысында бағдарлама жүргізбеймін. Тек ютуб-каналдамын. Бірақ бүгін-ертең халықты жинап психологиялық мастер-класс, жиындар өткіземін деп ойламаймын. Мен өзім үшін білім алып жүрмін.

–    Кітап өз өміріңізден алынған. Қандай оқиғаларыңызды енгіздіңіз?

–    Адам болған соң неше түрлі жағдайлар болады ғой. Біз де пәтерде жүрдік, біз де аз ақшаға жұмыс жасадық, жас болдық. Біздің де психологиямыз дұрыс болған жоқ. Жалпы адамдарда проблема жоқ, тек мәселелер бар. Оларды шешуге мүмкіндіктер бар. Менде адамдар көз жасын сығып жіберетін оқиға жоқ. Мендегі барлық адамдарда кездесетін жағдайлар. Жұмыссыз қалған кездерім болды, сол кезде өмір осымен аяқталғандай күй кешетінмін. Осындай психологиясы дұрыс емес адамның ойлары болған. Қазір мен еркінмін, бақыттымын. Қазір психологиям дұрыс және ішкі ойым түзелді. Қорқыныштарым, комплекстерім жоқ. Бұрын адамдармен қарым-қатынастарым дұрыс болмайтын, ылғи ақшам бітіп қалады деп қорқатынмын. Ал қазір болашағыма нық сенімдімін. Өткен шағымды және осы шағымды білемін. 

–    Өткен шақтағы Мұхит кім еді?

–    Ол Мұхит өзін аямайтын. Арқанкергендегі жағдайға өзі ұшып барды. Бірде-бір журналист бармаған жерде жүрді. Боралдайдағы теракт оқиғасынан адам қашып жатса, ол керісінше сол жаққа қарай жүгіретін. Helios компаниясының жанармай таситын көлігі жарылып, жүргізушісі қайтыс болғанда оның суретін алғаш болып мен жариялағанмын. Ондай жанкешті журналистер қазір жоқ. Сол кезде мен жақсы өмір сүру үшін «күресу керек, бірінші болу қажет» деп ойлайтынмын. Бірақ қазір бірінші болмасам да, бақыттымын. Қазір ішкі тыныштығымды еш нәрсеге айырбастамаймын. Ешқандай арнаның басшылығына барып «мәймүңкілемеймін», мені тележүргізушілікке шақырсын деп еш продюсермен дос болмаймын. 

–    Көзіңізге ота жасатқаныңызда көпшілігі «экранда әдемі көріну үшін ота жасатты» дегендер болды. Солай ма?

–    Менде «түрім жаман» деген комплекс ешқашан болған емес. Маған қыздар «сіздің түріңіз менен әдемі» деп жазып жатады. Көзімде жарық (грыжа — ред.) болды. Ол менің көру қабілетіме әсер етті. Содан ота жасатуға қажеттілік туды. 

–    Сізге жазатын қыз-келіншектер «үйленгенсіз бе» деп сұрайтын шығар сірә?
–    Мен жеке әлеміме адамдардың қол сұққанын қаламаймын. Екінші жартым туралы білгіңіз келіп отырса, айтайын. Ол шоу-бизнесте жүрген танымал адам. Отбасымды уақыты келгенде көрсетемін. Бірақ оны Қайрат Нұртас сияқты сахнаға алып шықпаймын. Өзімнің бір жобамда көрсететін боламын. 

–    Жеке өміріңізді неліктен көп айта бермейсіз?

–    Жеке өмірімде де бақыттымын. Әлеуметтік желіде ата-анам, туысқандарым, жеке басыма қатысты суреттер салмаймын. Менің жеке өмірім —  жабулы есік. Отбасымды ел алдына шығаруды қаламаймын. 

–    Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?

–    2020 жылы «Бақыт» кітабының орысша нұсқасы шығады. «Ойбай Show» жобасы жалғасын табады. Тағы да жаңа кітабымды бастап қойдым. Қандай кітап және атауы не болады, оны айта алмаймын. 

 

Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН 
 

stan.kz