«Бұрын өз-өзімді өте төмен бағалаушы едім»: Қазақстандық Дейнерис атанып кеткен спортшы өзінің сұлулығы туралы ойларымен бөлісті — Қазақстан жаңалықтары

0

Өскемендік волейболшы қыз Динара Сыздықованы Вьетнамда өткен турнирде жергілікті арналардың бірі ең сұлу қатысушысы атап, спортшы бір күнде танымал болды. Көпшілікке «Қазақстандық Дейнерис» деген атпен танымал ару жас та болса, спорттан едәуір жетістіктерге жетіп келеді. Спортшы Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат беріп, спортқа қалай келгенін, тұрмысқа қашан шығатынын және өзінің сұлулығын қалай бағалайтынын айтып берді.

Сізді Вьетнамдағы халықаралық турнирден кейін «Игра престолов» сериалының бас кейіпкеріне ұқсатып, көпшілік қазақстандық Дейнерис деп атап кетті. Өзіңіз атақты кейіпкермен ұқсастығыңызды байқайсыз ба?

Сериалдағы Дейнериспен ұқсастықты байқамаймын. Шашымыздың түсі бірдей дегеннің өзінде, менікінің ұзындығы кейіпкердің шашымен салыстырғанда қысқа. Егер адамдар актрисамен салыстырып, ұқсатқанды ұнатса, мейлі. Ол үшін ешкімге өкпелеген емеспін, өкпелемеймін де. Кейде қалжыңдап өзімді «Көмірде туылған Дейнерис» деп атаймын. (Сериал сюжеті бойынша басты кейіпкер Дейнерис Таргариеннің тағы да бір есімі боранда туылған бала дегенді білдіреді, ал Динара Сыздықова Екібастұзда туылған — ред.)

Волейболдардың қыздар құрамасында спортшылар спорттағы жетістіктері үшін емес, сұлулығы үшін танымал болып жатады. Волейбол жанкүйерлері сіздің сұлулығыңызға тәнті болды. Олардың жадында тек әдемі ару ретінде сақталып қалуға қорықпайсыз ба?

Қорқыныш жоқ. Бастысы мен өзіме не қажет екенін, алдымда қандай мақсаттың тұрғанын жақсы білемін. Мен сыртқы келбетіммен, сұлулығыммен танылуды көздемеймін,  қазіргі уақытта бар көңілім спортта жетістіктерге жетуге ауып тұр. 

 

Танымал болған соң, командаңызда бірге ойнайтын қыздардың сізге деген қарым-қатынасы қаншалықты өзгерді? Қызғанышпен қарағандар болды ма?

Әр адамның ішінде не болып жатқанын айта алмайсыз ғой. Алайда, біздің ұжым өте ұйымшыл. Қыздар бір-бірін қолдамаса, қызғану, көре алмау дегенді білмейді. Мені қазақстандық Дейнерис деп атай бастағаннан кейін де қарым-қатынасымызға сызат түскен жоқ. Ұйымшыл ортада жаттығып, бар уақытымды волейболға арнағандықтан спорттың осы түрі менің «есірткім» сияқты. Шеберлігімді шыңдау үшін шетелдік клубтарда уақытша ойнағым келеді. 

Жалпы, Динара, спорттың сан алуан түрі бар. Таңдауыңыз неліктен волейболға түсті?

Волейболға дейін жүзуге бардым, жеңіл атлетикамен, үстел теннисімен, қызық болып көрінген спорт түрлерінің барлығымен айналыстым. Бірақ волейбол олардың бәрінен де қызық болып шықты. Жұдырықтай жұмылып, бірлесіп жұмыс істеу, командамен ортақ мақсат қойып, жақсы нәтижеге қол жеткізу — мұның  барлығы волейболдың қандай ұйымшылдықты талап ететінін көрсетеді. Волейболмен айналысқалы бері өз-өзіме деген сенімділігімнің артқанын байқаймын. Жалпы, осы спортпен айналысқан адамның мінезі жақсара түседі деп айта аламын. 

БАҚ пен қоғамның, жанкүйерлердің тарапынан туған өміріңізге деген  қызығушылық мазаңызды ала ма?

Қарапайым өмірім бір күнінде танымал тұлғаның өміріне айналып кетті. Табан астынан мен жайлы БАҚ шулай бастағанда әрине таңғалдым. Бірақ мен қоғамның маған қатысты туған қызығушылығынан еш қысылмаймын. Барлық жағдайға түсіністікпен қараймын.

Күнделікті тұрмыста адамдар танып, автограф беруіңізді сұрайтын шығар?

Иә, адамдар менімен суретке түсіп, селфи жасағысы келеді. Кейде жанымнан өтіп бара жатқан кісінің: «Мына қыз қазақстандық Дейнерис емес пе?» — деп айтқанын естіп қаламын. Қоғамның менің өміріме деген қызығушылығы өмір сүруіме кедергі келтірмейді. Мен әрдайым жаңа адамдармен танысып, достасып кетуге дайынмын әрі ашықпын.

Спортқа келмей тұрып модельдікпен айналысқаныңыз рас па?

Модельдікке басыммен кіріп кеттім деп айта алмаймын. Әрине, өзін таныту үшін жас фотографтар мені бірнеше рет түсірілімге шақырды. Кастингтен өте аламын ба, жоқ па? — осыны анықтағым келіп, сән кастингтерінен өткенім рас. Бірқатар модельдік агенттіктерден шақырту алғанымды да жоққа шығара алмаймын. Бірақ волейболға деген құштарлығым басым болғандықтан, ол салаға барып, жұмыс істеудің мән-мағынасы жоқ болып көрінді. Сондықтан сән саласын бір шетке ысырып қойдым, модельдік мектептерден келген ұсыныстардан бас тарттым.

Олай болса Miss Virtual World байқауына қатысуыңызға не түрткі болды?

Ұялы телефондағы қосымшалардың бірінен осы байқаудың болатыны жайлы хабарлама көріп қалдым. Аса қатты мән бермедім. Бірақ танысым міндетті түрде қатысып көруімді сұрап, көндірді деуге болады. Жеңіп шығатын шығармын, неге көрмеске? деген оймен тәуекелге бел буып, байқауға қатысу туралы шешімге келдім. Байқауға Қазақстан қалаларынан қатысып жатқан арулардың саны аз емес. Жүзден жүйрік болып, жеңіске жеткім-ақ келеді. Жартылай финалға өтетініме сенімдімін. 

Тұрмысқа шығу туралы ойландыңыз ба?

Жоқ. Күйеуге шығуға маған әлі ерте. Жиырма бес, жиырма жетіге келгенде өз отбасымды құру туралы ойлануға болады. Менің ойымша, келешекте бір әулеттің берекесін ұйытатын әйел боламын. Анда-санда үйімде ыдыс-аяқ сылдырлап тұрады (күліп).

Өзіңізді керім қыздардың қатарына қосасыз ба? Сұлумын деп ойлайсыз ба?

Бұрын өз-өзімді өте төмен бағалаушы едім. Әдемімін, мықтымын деп санамайтынмын. Бірақ психологияны оқып, өз денемді зерттей келе жан-дүниесі бай, жан-жақты әрі қызықты тұлға екенімді түсіндім. Қазір өзімді әдемі санаймын, көріктімін деп айта аламын. Мүмкін адамдар бұрыс түсініп, менменшілдік танытып тұр дейтін шығар, бірақ бұл жүрегімді жарып шыққан шындық. 

 

 Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі. 
 



stan.kz