Бүрсең қаққан Екібастұз: апаттың басты себептері айтылды

0

Екібастұзға жұмыс сапарымен барған ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов қаладағы апатты жағдайдың басты себептерін атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Қазіргі жағдайдың себептері жылу желілерінің әбден тозуы және жылу орталығы басшылығы тарапынан немқұрайдылық пен инвестициялардың жеткіліксіздігі болып отыр. Тиісті тергеу жүргізіліп жатыр және барлық жауапты және кінәлі адамдар, әрине, жауапқа тартылады», — деді Үкімет басшысы.

Сонымен бірге, Үкімет басшысы ЖЭО иелерімен тиісті жұмыс жүргізілетінін, биылғы жылыту маусымында олар толығымен ТЭЦ пен жылу желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететінін жеткізді.

Еске салайық, 27 қарашаға қараған түні Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында қатты аяз кезінде жылу электр орталығындағы қазандықтар істен шығып, тұрғындар жылусыз қалды. Қалада төтенше жағдай режимі енгізілді.

Бұдан бұрын мәжілісмен Ерлан Саиров Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, олигархтардың жылу электр орталықтарының пайдасын сүліктей сорып, қиын-қыстау күн туғанда проблеманың бәрін мемлекетке ысыра салуына жол бермеу керегін айтқан.