Бүркіт туралы мәлімет – Қазақстан жаңалықтары

0

Бүгінде саны азайып, сиреп бара жатқан құстардың бірі бүркіт. Бұл ерекше әдемі құстың ұябасары шәулісіне қарағанда ірілеу келеді. Бүркіттер негізінен қандай жерлерде тіршілік етеді. Және олардың тұрмыс дәстүрі қандай? Бұл жайлы Stan.kz ұсынған бүркіт туралы қызықты мәліметтерден біле аласыздар.

Бүркіт туралы мәлімет

Бүркіт біздің планетамыздағы ең ірі қыран. Оның денесінің ұзындығы – 93 см болады. Ал, ол қанатын құлаш жайғанда қанатының ұзындығы 2,4 метрге жетеді. Қаршығатектестер отбасына жататын бұл үлкен құстың сырт келбеті кәдімгі бүркіт секілді. Яғни, олар үшкір ілмек тұмсықты, ұзын қанатты және тырнағы күшті мықты аяты келген. Ересек құстардың қауырсыны қоңыр-қара келеді. Сондай-ақ, мойнында және басында алтын түсті қауырсындары болады. Бірақ, балапандар мен жас құстар аздап өзгеше түсті келеді. Олардың құйрығы ашық түсті болады және қанаттарында ақ дақтар бар.

Таралуы

Бүркіт тек Жердің солтүстік жартышырында өмір сүреді. Бұл құсты Солтүстік Американың батыс бөлігінде, Африканың солтүстігінде, Еуропа мен Азияда, сондай-ақ кейбір аралдарда кездестіруге болады. Бүркіт елсіз, ашық кеңістіктерде, таулы жерлерде, далалы, шөлейтті жерлерде, орманды тундрада қоныстанады.

Тамақтануы

Бүркіт – мықты және шапшаң аңшы. Бұл құс өзінен әлдеқайда үлкен жабайы құстарды оңай ұстай алады. Бірақ көбінесе қоян, суыр, күзен, сарышұнақ, тиін, кірпі, түлкі, тасбақа, сасықиіс секілді кішкентай және орташа келген басқа да жануарларға шабуыл жасайды. Көбіне шіл, кептер, үйрек, бөдене, үкі, қара құр және тағы басқа құстар бүркіттің жемтігі болып жатады. Бұл үлкен қанатты жыртқыш қой, елік немесе бұғыға дейін шабуыл жасайды. Әсіресе, жануар жас немесе ауру болса міндетті түрде шабуылдайды.

Бұл құс күніне шамамен 1,5 келі жемтік жейді. Бірақ азық болмаған жағдайда ол бес күн бойы аш жүре алады.

Тұрмыс дәстүрі

Бүркіттер, әдетте, өз ұясынан алыс емес, бір жерде ғана тіршілік етеді. Тек солтүстік аудандарда тұратын құстар ғана азық табу үшін кейде қоныс аударуға мәжбүр болады.

Бұл құстар жемтігін жиі жұптасып іздейді. Ауа райы ашық күндері олар биік аспанға көтеріледі. Ал бұлтты күндері жемтігін ағаштың немесе тастың үстінде отырып іздейді. Қолайлы жыртқыш аңды байқағанда бүркіт бірден шүйіледі. Сол кезде олардың ұшу жылдамдығы сағатына 320 шақырымға дейін жетуі мүмкін. Құс қаншалықты ересек болса, оның жемтікті аулауы соғұрлым сәтті болады. Ал жас құстар жиі мүлт кетеді немесе жемтігін ұстай алмайды.

Бүркіттер аққу секілді адал құстар, олар тіршілігінде бір-ақ рет отбасын құрады. Шәулі мен ұрғашы бір-біріне өздерінің қабілеттерін көрсетіп, аспанда өздеріне тән би ұйымдастырады. Олар ұшып келе жатып екпінді бұрылыс жасап, қайтадан көкке самғайды, содан кейін күрт төмендеп, бір-бірін қуып жетіп, биіктікте қалықтап, ерекше көрініс ұйымдастырады.

Бұл құстар ұяны бірге салады. Әдетте бұл шөптен, қауырсындар мен мамықтан жасалған бұталардың жаппай құрылымы. Бүркіттер көбінесе, ұяны ағашта немесе жартаста салады. Бүркіттің бір жұбында бір уақытта бірнеше ұя болуы мүмкін. Олар онда балапандарын кезектеп шығарады.

Балапандарды ұябасар басады. Бірақ шәулі ұрғашы бүркіт демалып алу үшін оны алмастырып тұрады. Ол сондай-ақ, ұябасар мен балапандарды азықпен қамтамасыз етіп, ұяға жемтік әкеледі.

Табиғатта бүркіттер 20-30 жыл өмір сүреді, ал хайуанаттар бағында 50 жылға дейін өмір сүре алады.

Қызықты деректер

  1. Бүркіт шеңгелімен 5 келіге дейінгі салмақтағы жемтікті көтере алады.
  2. Бүркіттің ұясының диаметрі 2 метр, ал биіктігі 1,9 метрге дейін жетуі мүмкін.

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз