Бурабайдан келе жатқан жолда 1,5 мыңнан астам көлік кептелісте тұр
Астана-Петропавл тас жолында жол қозғалысы баяулап, 1,5 мыңнан астам көліктен ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
21 шілде күні Астана-Петропавл тас жолында бояуды тасымалдаған «Volvo» маркалы жүк көлігі аударылып қалды. Жол апаты кезінде ешкім зардап шеккен жоқ.
Автожолда бояу төгілгендіктен жол қозғалысы баяулаған. Тас жолда діттеген жеріне жете алмай қалған 1,5 мың көлік сап түзеп тұр.
“Біздің қызметкерлер колонналарды жинап жатыр, Бурабай бекетінен бастап сапты алып жүреді. Ол жақтан 1,5 мыңнан астам көлік жиналып қалған екен. Біз жол апаты болған жерге дейін және Ақкөл ауданына дейін ертіп жүреміз. Одан кейін бір жолақпен жібере береді”, – деп мәлімдеді Ақмола облысының полиция департаменті.
Жолды түгелдей тазаламайынша жүргізушілерге шектеу қойылады.
“Жерге төгілген бояу желім секілді. Көлік жүргізушілері үшін көктайғақ сияқты сезілуі мүмкін”, – дейді ведомстводағылар.
Бояу тасымалдаған жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылық) бойынша әкімшілік іс қозғалды.