Бурабайдағы жиын: Құрылтайдан не күтеміз?

0

Бурабай төрінде екі күнге созылған құрылтайға қатысушылар “Бұл жиыннан не күтеміз? Қандай мәселелер қозғалмақ?” деген сұрақтарға өз пікірлерін білдіруде. Kznews.kz сол ойларды назарларыңызға ұсынады.

Бұл туралы “АMANAT” партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков:

“Көкше жерінде Ұлттық құрылтай отырысы өтуде. Биыл “Азаматтық қоғам”, “Мәдениет. Өнер. Руханият”, “Білім және ғылым” және

“Әлеуметтік-экономикалық даму” тақырыбындағы секция жұмыстары ұйымдастырылды.

Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық құрылтай Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде елдегі қоғамдық консолидацияны одан әрі нығайтуды көздейтін ұсыныстар мен стратегияларды әзірлеуде шешуші рөл атқарады. Оның ерекшелігі – әр өңірден, әртүрлі саладан жиналған құрамы. Онда ғылым, білім, медицина, мәдениет, спорт саласының мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері, еңбек және құқық қорғау саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ қоғам белсенділері мен жастар қозғалысының жетекшілері бар. Бұл халық демократиясы мен жасампаз плюрализмнің үлгісі ретінде қоғамның кең ауқымды пікірі мен мүддесін ескеруге мүмкіндік береді.

Былтырғы жылы құрылтай отырысында көтерілген бірқатар бастамалар өзінің жемісін беріп жатыр. Қоғамның бес кеселімен күрес, оларға қатысты заңнамаға өзгерістер, “Жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында: 105 жаңа мектеп салынды, оның 36-сы ауылдық жерлерде. Биыл 2025 жылы – 112 мектеп салынады деп күтілуде. Сондай ақ, биылғы сәуірде аталып өтетін Ұлттық кітап күні де құрылтай отырысының нәтижесі.

Модератор, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева алқалы басқосудағы ұсыныстардың барлығы назарға алынатынын атап өтті. Құрылтай мүшелері, қоғам қайраткерлері Мереке Құлкенов, ғалым, Еңбек ері Асқар Жұмаділдаев, Қайрат Мәмбетбай,  Дихан Хамзабек сынды азаматтар ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салуда”, — деп өз ойын жеткізді.

Ал математик, лингвист, публицист, мәдениеттанушы Серік Ерғали  құрылтай мүшелеріне үндеу де жасап үлгерді.

“Құрметті Ұлттық Құрылтай мүшелері!

Алдағы жиынға ұсынуға тиіс 2 жайт бар деген ойдамыз.

Біреуі — жас ұрпақтың (3-25 жасар буынның) қолданысындағы қазақ тілінің ахуалы. Күрделі жағдай қалыптасып отыр. Бұл жағдай ғылыми түрде зерттеліп, зерделеніп, мәселе нақты қойылмағандықтан, жан-жақты ашылмай қалды. Осыған орай шешім де, іске асып жатқан шаралар да нақты емес, нәтижелілігі аса төмен. Енді 5-10 жылда, қалыптасқан орыстілді жас ұрпақтың ықпалынанҚазақстан толық орыстілді елге айналу қатері қалыптасып отыр. Бұл — жалаң айтылған популистік жайт емес, мемлекеттік деңгейде қаралатын күрделі мәселе!

Қазақстандағы рулық-тайпалық идеология мен трайбалистік көзқарастың өршуінен, елдегі жалпыұлттық/жалпыазаматтық идеологияның қасаң/формал мазмұнының кесірінен сәйкесіншерулық шовинизмнің, трайбалистік әрекеттердің белең алуы айқын байқалып отыр.

Өңірлік, рулық/тайпалық шаралар әсіре насихат көрінісіне айналып келеді. Тарих пен этнографиялық құндылықтарға талас пен дау өршуде. Әлеуметтік желіде тіпті ұлтаралық айтыстарға да ұласып кететіні рас. Кейбір жағдайда, тар, тайпалық көзқарас мемлекеттік шара түрінде сыналап кететіні де өтірік емес; бұл ахуал дәйектелмеген, айғақталмаған, бейғылыми деректердің таралуына апарып соғуда, соның салдарынан трайбалистік дүрдараздық пен мемлекетке деген сенімсіздікті күшейтетін фактор қалыптасуы кәдік. Бұған қарсы ғылым — әлжуаз, осалдық танытуда. Ішкі саясат бұл үрдісті қарастырмай отыр.

Елді, ұлтты іштен іріту сыртқы күштің емес, дұрыс жүргізілмеген, назар аударылмаған, сараланбаған жайттардың жентектелуінен келіп туындауда, өршуде; бұл мемлекеттік идеялық тетіктерді ығыстыратын қауіп байқатуда.Бұған қарсы ашық та батыл зерттеу жоқ, соған сәйкес қауқарлы шешімдер де қарастырылмай отыр.

Бұл Қазақстан үшін ішкі күрделі мәселе ретінде қаралуы тиіс!” — деп, маңызды мәселелерді жіпке тізіп берді.

фото: 24.kz