Бурабай маңында әйгілі қазақстандық шаңғышы жол апатынан қайтыс болды
38 жасында көрнекті қазақстандық шаңғышы, 2013 жылғы әлем чемпионатының қола медалінің иегері Николай Чеботько өмірден озды.
Бұл туралы Olympic.kz сайты хабарлады.
Төрт бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан спортшы 24 қаңтарға қараған түні Бурабай ауылы маңында (Ақмола облысы) жол апатынан көз жұмды.
Николай Чеботько 1982 жылы 29 қазанда Көкшетау облысына қарасты Щучинск қаласында дүниеге келген. Шаңғы спортынан 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, төрт бірдей Олимпиада ойындарының қатысушысы. Үлкен спорттағы ең ірі жетістігіне Николай Чеботько 2013 жылы қол жеткізді. Ол сол жылы Валь-де-Фьеммеде өткен әлем чемпионатында командалық спринт бойынша үздік үштікке енген. Сондай-ақ, спортшы Азия ойындарында үш алтын, төрт күміс және екі қола медаль жеңіп алған. Әлем кубогі кезеңдерінде 2001 жылдан бастап сынға түсті.
2012 жылы Квебектегі әлем кубогі кезеңінде Денис Волоткамен бірге тарихи алтын жүлде иеленген. Ол бірнеше рет ел чемпионатында көзге түсіп, өмірінің соңына дейін шаңғы жарыстарында бақ сынады. Николай Чеботько жекелей спринтте, классикалық әдіспен жарысудан сынға түскен әмбебап спортшылар қатарынан болды. Қазақстан Республиксына еңбек сіңірген спорт шебері.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті барлық спорттық қауымдастық атынан спортшының жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтады. Николай Чеботько талантты шаңғышы, олимпиадашы және жарқын жүзді адам ретінде мәңгі жүрегімізде сақталады.