Буллингтің буы удай болады | «Айқын» газеті

0

Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезіміз. Сыныптасым тырнағын бояп келіпті. Анау-мынау емес, қызыл түсті лакпен. Өзі арықша келген, қақ-соқпен ісі жоқ бала еді. Кластағылар дереу «қызтеке» деп шулап кетті. Ұялған күйі сыныптан қашып шыққандай болды. Артынан еріп келем. Дәлізге шықты да, еденге отыра кетті. Солқылдап жылап отыр екен. Не деп жұбатарымды білмедім. Бірақ сол бағана шу кезінде өзімнің де күлгенім бар. Бұл қылығыма сол кезде ұялдым ба, есімде жоқ. Бірақ жаным ашығаны рас. Кім білсін, жағдай ушығып, әлгі сыныптасым күйзеліске түсіп кетер ме еді, мұғалімдер араласып, бәрі жақсы шешілді. Тәрбие сағатын өткізіп, олай мазақтауға болмайтынын санамызға сіңірді. Бүгінде мұны «буллинг» дейді екен. Мұнымен қалай күресеміз? Халықаралық тәжірибемен салыстыра келе, еліміздегі заңға қандай өзгеріс енгізуге болады? Осыны талдауға тырыстық.

6 желтоқсанда Мәскеудегі №1359 мектептің оқушысы Даня Горбатенко сабаққа пышақ ұстап келеді. Алдымен мұғалімдерді, кейін өзін өлтіруге бекі­ніпті. Ұзақ уақыт тілдесіп, әзер дегенде ке­лісімге келеді. Тергеушілер баланың бұл қылығына не себеп болғанын анық­тауға кіріседі. Сөйтсе, ол психикалық ауыт­қушылығы бар немесе бұзық бала емес, сыныптастарының тарапынан қы­сым көріпті. Әрине, баланы бұлай ақтап алуға болмайды. Дегенмен ойланатын жағдай. «Қой аузынан шөп ал­мас» баланың жауызға айналуы осындайдан болады екен. Бүгінде «колумбайнерлер» деген сөз қолданыста бар. Оның оқиғасы 1999 жылы америкалық «Колумбайн» мектебінен бастау алады. Осы жерде білім алатын екі оқушы сыныптастары мен мұғалімдерін жаппай қырып салады. Өздерін де өлтіреді. Қантөгіс жағдайдың болғанына жиырма жылдай уақыт өтсе де, ізін жалғаушылар әлі күнге дейін бар. «Әділдіктің ақ туы астында жүрміз» деп жұбатады өздерін. Мәселен, Керчтегі политех­никалық техникумда жиырма адамды жайратқан Владислав Росляков жайлы да көпшілік біледі. Мұндай ко­лумбайнер-жасөспірімдердің әлеуметтік желіде түрлі қорғаушы топтары да түзіл­ген. Көп жыл бойы қатарластарынан қор­лық көрген олар сазайын беруді ой­лайды. Осы­лай адам шошырлық әре­кетке барады.
ЮНИСЕФ деректеріне сүйенсек, Қа­зақ­стан­да әрбір үшінші мектеп оқу­шысы бул­лингпен бетпе-бет келген екен. Яғни, замандастарының тарапынан пси­хологиялық қысым көрген. Оқу­шылардың басым көпшілігі мазақтап, намысына тиге­нін айтады. «Мектептегі балалар ара­сындағы жауыз­дық – Қа­зақстанда ғана емес, бүкіл әлем бо­йынша тараған проблема. Көп жағдайда бала ата-анасына ашық айта алмауы мүмкін. Сондықтан әке-шешесі бұған кешенді түрде мән бергені жөн. Баласына бірдеңе болғанын байқап, қас-қабағын бағуы керек. Мектеп психологтары мен педа­гог­тарына мұндай мәселені дереу шешу міндеттеледі. Біз 2015 жылдан бері балалардың психикалық ден­саулығын қалыптастырудың қанат­қақты бағдар­­ламасын сынақтан өткізіп келеміз.
Осы бағдарламаның аясында Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Оң­түстік Қа­зақстан облысындағы мектептерде «қа­уіп­сіздік топтары» құрылды. Яғни, жәбір көру мәселесімен күресетін команда жұ­мыс істейді. Бұл топтың ішінде мектеп әкімшілігі, психолог, учаскелік инспектор мен мұғалімдер бар. Осы арқылы мек­теп­тегі келіспеушіліктер реттеледі деп ой­лай­мыз», – дейді Қазақстандағы ЮНИСЕФ жанындағы білім беру және бала құқығын қорғау бағдарламалары бойынша коор­динатор Татьяна Адерхина.
Балалар өзін ренжіткендерге төтеп бере алмай жатады. Сондықтан күдерін үзіп, көрсеткен қорлыққа шыдап жүруге мәж­бүр. Балалар мен жасөспірімдер суи­цидінен әлем бойынша алдыңғы орын­дамыз. Шенеуніктер бұл көрсеткіштің жыл өткен сайын азайып келе жатқанын айтып жұбатады. Дегенмен қуануға әлі ерте. Әлбетте, өз-өзіне қол жұмсауға итер­мелейтін факторлар жетерлік. Суи­цидтің салдары буллингтен ғана емес. Сондай-ақ отбасындағы ахуал, баянсыз махаббат, жалғыздық сынды жағдайлар да баланың өміріне балта шабуына жиі себеп болады. Демек, түптің түбінде мә­селе – үлкендердің бейқамдығы, селсоқ қарауынан. Бұған біз қозғап отырған бул­линг қосылады. Оқу­шылар ара­сын­дағы бір-біріне жекіген жағдайларды мұғалімдердің көзі көріп отыр. Бірақ оған бас қатыруға мүлдем уақыт жоқ: бітпейтін есеп, педагогикалық кеңес, сабақ жос­пары мен оқушылардың үлгерімі мойын бұрғызбайды. Ұстаз араласып, дер кезінде тоқтау қойса, мәселе шешілері де анық. Тағы бір айта кетерлігі, негізі мектептегі штатта психолог бар. Кейбірі құр курс бітіріп, баламен жұмыс істей алмайды. Енді бірі мыңдаған баланың ішіндегісін білуге физикалық тұрғыдан да үлгермейді. Балаға жанашыр – ата-ана материалдық жағдайын қамтамасыз ету үшін құрақ ұшады. Баласының көңіл күйі жоқ болса, әрі кетсе «өтпелі кезең» деп бағам­дайды. Бұдан бөлек, баласы басқадан қысым көргенімен қоймай, өздері таяқ­тайтындары тағы бар.


Қысым көріп жүрген баланың мәсе­лесін қарастырып көрелік. Үлкендерге жағдайын айтуға батпайды. Өйткені кө­біне ондай жағдайға мән бермеу керек деген кеңес естиді. Болмаса, мектеп әкімшілігін тартып, арты дауға айналады. Сондықтан аш құлақтан тыныш құлақ деп, іштей ты­нады. Әлдекімге айтса, күні ертең бә­рінің көзінше сөз тасығыш, қор­қақ атанатынын да біледі. Осыны жақсы білетін қатар­ластары ақыры жазалан­байтын болған соң, одан ары мазақтай береді. Қазақстанда қылмыстық жауап­кер­шілікке 16 жастан бастап қана тар­тылады. Ауыр қылмыс ­үшін – 14 жастан. Буллинг жаса­ғаны үшін бар болғаны сұқ саусақ кезеп, «бұрышқа» тұрғызады.
Балаларды қорғау керек. Оның өмі­ріне қауіп төндіруі мүмкін барлық фактор мен адамнан. Бұл ретте халықаралық тәжіри­белерді де бір қарап шығып, заңда өзге­ріс­тер енгізсе артық емес. Мәселен, Англия мен Ирландияда кейбір қыл­мыс­тар үшін 10 жастан бастап жауапкершілікке тарта береді екен. Әлбетте, жасөспірім­дерді темір торға тоғыту керек демейміз. Бірақ олар біреуге зиян тигізген жағдайда жаза күтетінін білуі тиіс. Айталық, қо­ғамдық жұмыстарға тартуға болады. Болмаса, психологтармен кеңесе отырып, тиімді тәсіл табу қажет. Өйткені мыңдаған жасөспірім дәл қазір жапа шегіп отыр. Осы мақаланы жазған уақытта да қанша бала­ның зәбір көргені белгісіз. Мамандар осы­ны реттеу үшін шара қабылдау қажет деп безек қағады. Қылмыстық жауап­кер­шілік­ке тарту жасын өзгерту үшін көп уақыт керек. Ол іс созылып кететіні тағы бар. Сон­дықтан дәл қазір қолдан келетін ша­раны жасай берген абзал. Мектептегі күзет мәселесін реттеу – ең алдыңғы ке­зектегі шара. Жасы жеткен апалар емес, құ­қық қор­ғау органы қызметкерлері вах­тада тұ­руы керек. Қолында метал­ло­де­тектор бол­ғаны жөн. Себебі, суық қару­дың түр-түрін еркін ұстап жүретін оқушылар жетерлік.
Білім беру жүйесіне өзгеріс керек дегенді жиі айтамыз. Бұл мәселеде де солай. Таудай құжат талап етіп, қағаз жүзінде «бәрі жақсы» дегізетін емес, ба­ланың жағына иілетін жүйе болуы тиіс. Сондай-ақ сыныптағы оқушылардың саны да қысқарғаны жөн. Сол кезде сынып жетекшісі бәріне бірдей көңіл бөле алар еді. Психологтардың саны аз. Олар тәртіп­сіз оқушылармен ғана емес, «үндеместер­мен» де тәрбие жұмыстарын жүргізу керек.
Буллинг құрбаны болатын – басқа­лардан ерекше балалар. Көбіне олардың қатарында сабақты үздік оқитын «оқы­мысты» мен аз қамтылған не толық емес отба­сының баласы болады. Буллинг себеп­тері: түрі, ұлты не басынан өткерген бір жағ­дай және т.б. Осындай мәселеге тап бол­ған балалар өзіне деген сенімін жоғал­тып, комплекс жия бастайды. Ақыры тұ­йық­талады. Көпшілікпен араласуды қоя­ды. Мұның соңы үлкен депрессияға ұла­са­тыны белгілі. Көбіміз неғұрлым қиын­дық­ты көп көрген сайын қайралып, мықты бола тү­семіз деп ойлаймыз. Бірақ эмоция шыққан соң міндетті түрде іштей арпалыс болады.
Шетелде антибуллингтік манифестер дайындалады. Яғни, мектепте арнайы ережелер қабылданады. Оқу ордасында өзін-өзі қалай ұстау керек, қандай да бір ереже бұзғаны үшін қандай жаза өтейтіні жазылған. Ережені толық оқып шығып, оқушылар қол қояды. Кейін осы мәтін ақпараттық тақтаға ілінеді. Сәл ереже бұзса болды, мысалы, емтиханда ұпайы кеміті­леді. Әлдекімге әлімжеттік көр­сет­се, мек­тептен шығарып жіберетін де ереже бар.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Дереккөз: Айқын