Бұл жолғы сайлаудың жөні бөлек болады: Президент сайлауын кезектен тыс өткізуге саясаттанушылардың көзқарасы қандай — Қазақстан жаңалықтары
Дәл қазіргі жағдайда президент сайлауын уақытынан бұрын өткізуді парламент депутаттары мен саясаттанушылар да қолдап отыр. Олардың пайымынша, бұл Қазақстанда басталған билік транзиті жағдайында күтіліп отырған оқиға ол әлемде оң баға алмақ.
Фото: qazaquni.kz
Одан бөлек, сайлау инвестициялық және бизнес ахуалға әсер етеді. Мамандардың зерттеуінше, өткен жылмен салыстырғанда ішкі инвестиция екі есе азайып кетіпті, деп хабарлайды Евразия.
Соңғы кездері ел арасында «Бізді не күтіп тұр?», «Әрі қарай не болады?» деген сыңайдағы әртүрлі әңгіменің өрбігені жасырын емес. Сенат депутаты Бірғаным Әйтімованің сөзінше, алда өтетін сайлау осы екіұдайылық күйден аттап өтуге мүмкіндік бермек.
«Қазіргі таңда тұрақты президент әлі болған жоқ деген әңгіме болуы мүмкін. Сондықтан бұл әңгіме болмауы үшін барлық біздің үкімет, парламент, жергілікті органдар, халықтың өзі алаңдамай жұмыс істеуге мүмкіншілік берер еді», — деді парламент сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова.
Ал саясаттанушы Ерлан Саиров сайлаудың биыл жазда өткізілуі саяси жүйенің жетілуіне серпін береді дейді. Оның айтуынша, саясат сахнасында жаңа есімдер танылып, басқару форматы өзгеруі мүмкін.
«Бұл біздің елімізде жаңа тұрпаттағы биліктің қалыптасуының алғышарты деп қарастыруға болады. Сонымен бірге Қазақстан тарихында ең бірінші рет сайлау бюлитендерінде басқа бір фамилиялар пайда болады. Бұл біздің еліміздегі қоғамдық процесстердегі эволюциялық ең бірінші алғышарт», — деді саясаттанушы Ерлан Саиров.
Политолог Жұмабек Сарабекованың пікірінше, саяси доданы биыл өткізу біріншіден, экономикалық тұрғыда тиімді болады. Себебі, ірі бизнес өкілдері мен инвесторлардың билікке деген сенімі нығая түспек. Одан бөлек саясаттанушы еліміздің сыртқы саясаттағы бағыттарда күрт өзгерістер болмайтынына сенімді.
«Жаңа президенттің тарапынан Қазақстан бұрынғы көпвекторлы саясатын жалғастырады деген айқын хабарлама жіберілді. Одан бөлек инвесторларды айтсақ болады», — политолог Жұмабек Сарабеков.
Ал белгілі ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай кезектен тыс сайлауы — уақыт талабынан туған саяси, әлеуметтік, тарихи маңызды бар шешім дейді.
«Маған бүгінгі үндеуде ең ұнағаны президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың адалдығына кепілдік беремін деп айтты. Әр отбасы — кішкентай Отан, үлкен Отанымызды дұрыс адам басқарғанын жұрттың аман болғанын қаламайтын ұлт жоқ. Алдағы сайлаулардан бұл жолғы сайлаудың жөні бөлек», — дейді ақын Ғалым Жайлыбай.
Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін президенттік сайлау 5 рет өтті. Оның басым бөлігі кезектен тыс. Ал, алдағы сайлау науқанында кімнің бағы жанатыны әзірге белгісіз.
stan.kz