«Бұл XXI ғасырдағы масқара!»: Алматыда рұқсат етілмеген митинг қалай өтті – Қазақстан жаңалықтары

0
172

Көктемнің алғашқы күні елдің біраз қалалары үшін тыныш болмады. 25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған Дулат Ағаділдің өлімі жүздеген қазақстандықты қала орталығына шығарды. Дегенмен әдеттегідей азаматтардың ойы жүзеге аспай, құқық қорғау органдарының қызметкерлері «рұқсат етілмеген митинг» деген желеумен барлық адамды аяқ-қолын жерге тигізбей арнайы дайындалған көліктерге тықты. Оқиға орнында болған Stan.kz тілшісінің материалында толығырақ.

митинг

Ресми ақпарат бойынша жүрек талмасынан көз жұмды деген белсендінің өліміне шын мәнінде не себеп болғанын әділ тергеу талабымен белгіленген орындарға ағылған халықты тәртіп сақшылары жібере қоймады. Келе жатқан жерінен ешбір сөзге келместен алдын-ала дайындалған автобустарға тығып әкетіп жатты. Қамауға алынған азаматтар «Бұл ХХІ ғасырдағы масқара! Адам құқықтарының сақталуын талап етеміз» деп айғайлап жатты.

Алматыда әкімдік алдында өтеді деген митингте ондаған адамдар қамауға алынды, ал Республика алаңы мен оны қоршап тұрған Әл-Фараби даңғылы, Достық даңғылы, Құрманғазы, Желтоқсан көшелеріне түннен бастап күзет қойылды. Сондай-ақ аталған шеңберде кешке дейін интернет байланысы бұғатталды.

митинг
Stan.kz журналисі де Республика алаңына барлық құжаттарға қарамастан біраз қиындықпен өтті. Барлық журналистердің құжатын бір емес, бірнеше рет тексерген полицейлер басқаларын бірден көлікке апарып қамады. Полиция қызметкерлерінің қарасы көп, тазалық сақтау мекемесінің қызметкерлері алаңдағы монументтерді тазалап әлек. Қастарында даусы жаңғырып тұрған арнайы көліктері де жоқ емес.


Шараны бақылаушы Ринат Исағалиев та полиция қызметкерлері тарапынан қысым көргенін айтады. Аккредитациясының бар-жоғын сұрағанын полицейлер оны да алаңнан қумақ болған.

–    Сіз рұқсат етілмеген митингке қатысушысыз деп мені де қамамақ болды, – дейді адам құқытарының сақталуын бақылап тұрған азамат.

Алматы қаласының тұрғыны 63 жастағы Айнаш Жорабекова «Не үйім жоқ, не күйім жоқ, 63-темін, өзім мүгедекпін, алатын зейнетақым 48 мың теңге, ол неге жетеді, мен биліктегі түбегейлі реформаларыды талап етемін» дейді.


Кейін зейнеткерді медбраттардың ақ халатын киген СОБР қызметкерлері «қан қысымыңызды өлшейміз» деген желеумен жедел жәрдем көлігіне қолтықтап алып кетті.


Смахан Сәкенұлы бір адамның қазасына себеп болғанымен де барлық адамды қамау мүмкін емес екенін және кез-келген уақытта өзінің жерінде жүруге құқылы екенін басып айтты. 50-ге келген азамат ешкімнен қорықпайтынын жеткізді.

Белсенді Әсем Жапишеваның айтуынша, оны үйінен шығып бара жатқан жерінен тәртіп сақшылары аңдып тұрып ұстап алып кеткен. Басқа да белсенділерді үйінің қасынан қамауға алған.

Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай жары Инга Иманбайға 1 наурыз күні белгісіз біреулер шабуыл жасағанын хабарлады. Наурызбай аудандық полиция бөлімінің қызметкері деп таныстырған қарапайым киімдегі адам оны белгісіз қылмыстық іс бойынша тергеуге шақырып жатқанын жеткізген. Сондай-ақ ол ұялы телефонға түсіріп тұрған Инга Иманбайдың смартфонын тартып алуға тырысқан. Салдарынан аяғы ауыр әйелі зардап шегіп, жедел жәрдем қызметін шақыртуға тура келген. Журналиске «миы шайқалған болуы мүмкін» деген алдын ала диагноз қойылып, ол Алматы облысы Қаскелең қаласындағы ауруханаға жатқызылды.

Ақпанның 29-ы күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің қазасына байланысты алғаш рет пікір білдірді.

«Ірі қоғамдық резонанс тудырған іспен мұқият танысып шықтым. Өкінішке қарай, белсенді Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды деп сеніммен айта аламын. Басқаша тұжырымдау – ақиқатқа қарсы шыққандық. Бәріміз Жаратушының еркіне бойұсынамыз» деді Тоқаев. Президент мәлімдемесін сот-медициналық сараптама қорытындысы шығарылмай тұрып жасады.

Бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 1 наурыз күні елімізде рұқсатсыз митинг өткізбекші болған 80-ге жуық адамның ұсталғанын айтты.

«Бас прокуратураның бірнеше мәрте жасаған ескертуіне қарамастан, кеше азаматтардың бір бөлігі тыйым салынған экстремистік ұйым ұсынған орындарда санкцияланбаған митинг өткізуге тырысты. Сол үшін полиция қоғамдық тәртіптің бұзылуын алдын алу шараларын жүргізді. Осылайша, ішкі істер органдарына, полиция органдарына 80-ге тарта азамат жеткізілді. Профилактикалық жұмыстардан кейін бәрі үйіне жіберілді. Төрт адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды – бірі айыппұл арқаласа, үшеуі қамаққа алынды. Олардың екеуі полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетсе, біреуі санкцияланбаған митинг ұйымдастырғаны үшін ұсталды», – деді министр.

Тұрғымбаев ұсталған азаматтардың үш сағаттан артық қамалмағанын айтып өтті.

stan.kz