«Бұл вирус бізбен ұзақ уақыт болады»: ДДҰ басшысы мәлімдеме жасады 

0

Тедрос Адханом Гебрейесус мемлекеттер шектеу шараларын жеңілдетсе, індет кеңінен таралып кетуі мүмкін екенін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирусқа қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ұйым басшысы COVID-19 вирусының әр жерде әрқалай таралып жатқанын жеткізді. Мәселен, Батыс Еуропада науқастардың саны біртіндеп азайса да, Шығыс Еуропа, Африка, Орталық және Оңтүстік Америка жерінде індет бәсеңдемей тұр.

«Көптеген мемлекет эпидемияның алғашқы кезеңіне ғана кірді. Ал вирусқа бұған дейін тап болған елдерде коронавирусқа шалдығу жағдайлары қайтадан басталды. Қателік жасамаңыздар, бізге ұзақ жолды еңсеру керек. Мына вирус бізбен ұзақ уақыт болады», – деді Гебрейесус Женевада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта эпидемия қайта жандануы мүмкін. Сондықтан шектеу шараларын жеңілдетуге асықпау қажет.

Оқи отырыңыз: Мамырда карантин ұзартылуы мүмкін, бұл қауіпті кезең – денсаулық сақтау министрі 

Айта кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры дабыл қағып, кейбір мемлекеттердің шектеу шараларын жеңілдетіп жатқанына алаңдаушылық білдірген болатын. Себебі коронавирустың қаупі әлі сейілген жоқ. Шектеу шараларын азайтса, індет кеңінен таралып кетуі әбден мүмкін.

«Бізге сеніңіздер. Қиын сәттер әлі алда. Осы трагедияны тоқтатайық. Бүгінде адамдардың көбісі бұл вирустың не екенін әлі де түсінбейді», – деп атап көрсетті Гебрейесус.

Ұйым басшысы қазіргі жағдайды 1918 жылғы «испанка» деген эпидемиямен салыстырды. Сол кезде 100 миллион адам қайтыс болған.

«Алайда қазір бізде технологиялар бар. Соның арқасында апаттың бетін қайтара аламыз. Ондай дағдарысты қайтаруға күшіміз бар», – дейді Гебрейесус.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз