«Бұл топты үш ағайынды басқарады»: Шерзаттың қазасына қатысты тың деректер айтылды

0

Талғарда бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтірді деген жеті адам қамауға алынды. Мәліметке сәйкес, олардың екеуі бұған дейін бұзақылық жасағаны үшін сотталып, Талғар ауданында пробациялық бақылауға алынған. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл мәселені жеке бақылауына алды. Бұл туралы Время басылымы жазған болатын.

Ата-анасының айтуынша, Шерзат пен оның ағасына шабуыл жасағандар «Хутор бандалары» тобының мүшелері болуы мүмкін.

Қазстрой ауылынан шыққан бұл ұйымдасқан қылмыстық топты талғарлықтардың өздері де жақсы біледі.

“Бұл топты Хасан, Аслан, Ержан деген үш ағайынды басқарады. Фамилиясын нақты білмеймін, бірақ бәрі біледі. Бұл жігіттердің құрбаны болғандар көп. Олардың пышақпен ұратын әдеті бар. Тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілін де пышақтап кетті. Содан кеден қызметкерінің басынан түтікпен (трубо) ұрған. Бұл атышулы іс», – деді атын атамауды өтінген Талғар қаласының тұрғыны.

Талғар қаласы тұрғынының айтуынша, оның жиенін бір кездері көліктің жүк салғышына тиеп, тауға апарып тепкілеген. Алайда өлтірмепті.

Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті.

Ал Шерзаттың әкесі ұлының өліміне кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп алаңдаулы. Ол бас прокурорға видео үндеу жасаған.

“Кісі өлтірілгеннен бері аудан басшылығы бұған енжар қарап, істі созбақтап жатыр. Баланың аты-жөнін де білмейді… Түн ортасында телефон соғып, өзімізді қорқытады, арыз жазуға мәжбүрлейді. Әділ тергеуді сұраймын», – деді марқұмның әкесі.

Бұған жауап ретінде Бас прокурор қылмысқа қатысы барлардың жазадан қашып кетуіне жол бермейтінін айтты.

«Біз қоғамдық тәртіпсіздікті түсінеміз және отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Прокуратура бұл кісі өлтіру ісін ерекше бақылауға алғанын ресми түрде хабарлаймыз», – деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.