“Бұл сіздерге Сауд Арабиясы емес”: Рамазан айында көптеген дәмхананың күндіз жұмыс істемеуі желі қолданушыларының ашуына тиді

0

Рамазан айына байланысты бірқатар мейрамхана мен дәмхананың күндіз жұмыс істемей, тек ауызашар уақытында ашылатыны желіде дау тудырды. Тұтынушылар бірқатар тамақтану орындарын сынап, келушілерді діни сеніміне байланысты бөліп-жарды деп санайды. Stan.kz тілшісі Қазақстанда діни мерекеге байланысты кафе жұмысын тоқтату немесе жұмыс уақытын өзгерту қаншалықты заңды екенін сұрап көрді.

Threads қолданушылары Алматыда Рамазан айы басталғалы Bahandi, Bauyrdaq, Shafran, т.б. дәмханалардың күндіз тапсырыс қабылдамайтынына наразылығын білдірді. Аталмыш дәмханалар тек ауызашар уақытында сағат 17:00, 18:00-ден бастап жұмыс істейді. Астанада да Bauyrdaq-тың филлиалдары тек кешке ашылады.

“Қандай дәмханаларда 17:45-ке дейін тамақ ішуге болмайды? Жиі байқап жүргенім – адамдар түскі уақытта тамақ ішуге барса, оларды қуып шығады немесе ауызашарға дейін күтсін дейді. Сол үшін қай жерде тамақ ішуге болмайтынын жазып жіберіңіздерші, мен ораза ұстамаймын”, – деп жазды қолданушы.

“Ораза ұстамайтындардың құқығын бұзу деп санаймын. Біздің еліміз діни мемлекет емес. Бізде атеистер, иудейлер мен христиандар, индуизмді ұстанатындар да бар. Көп емес шығармыз, бірақ біз қалаған жерде ауқаттанғымыз келеді”, – деді желідегі белсенді.

“Бүгін Баханди, ал ертең қайсысы? Міне, артынша Bauyrdaq та тек кешке жұмыс істейтін болып алған”, “Бұл сіздерге Сауд Арабиясы емес”, – деді қолданушы.

“Менің сүйікті кафем ауызашар уақытына дейін тамақ бермейді. Бұған не дерімді де білмеймін”, – деді пікір жазушылардың бірі.

Бірақ аталмыш кәсіп иелерін қолдағандар да табылды. Олар кәсіп иелері ораза ұстайтындарды сыйлап, осындай қадамға барды дейді.

“Баханди басшысы мұсылмандарды қызықтырмас үшін дәмханаларды кешкі 5-те ашады. Бұл – сенімнің құдіреті, олар шығынға ұшыраса да, өз ұстанымдарында қалып отыр”, – деді пікір білдіруші кәсіпкер Ержан Жүсіп.

“Баханди сынға ұшырап жатыр. Көпшілігі мұны тұтынушының құқығын бұзу деп санап жатыр. Бірақ маркетинг мақсатты аудиторияға негізделеді. Кешке ашылып, түнімен жұмыс істейді, осылайша үнемдейді.

Екіншіден, Баханди қызметкерлері – намазхандар, олар ораза ұстайды. Қиын болмас үшін оларға ыңғайланып, жұмыс кестесі құрылған”, – деп жазды қолданушы.

2Gis қосымшасында Bahandi, Shafran мейрамханаларының барлық филиалы 17:00-ге дейін, Bauyrdaq-тың Абылай даңғылындағы филиал 17:30-ға дейін жабық тұратыны көрсетілген. Сондай-ақ Shafran мейрамханасы желіде ауызашарға дейін жұмыс істемейтінін жазды.

Stan.kz тілшісі аталмыш дәмханалармен байланысып көрді. Bauyrdaq барлық филиалы, тіпті Абылай хан даңғылындағы мекемесі 24/7 жұмыс істейтінін айтып ақталды. Ал басқа дәмханалар жағдайға түсініктеме берген жоқ.

Тілші мұндай әрекеттің қаншалықты заңды екенін заңгерден сұрап көрді. Заңгер Есдәуір Мұратқан кәсіп иелері  жұмыс уақытын өздері таңдай алатынын, бірақ нақты өздері мәлімдеген уақытта қызмет көрсетуге міндетті екенін айтты.

“Дәмхана мен мейрамхана иелері қызмет көрсету уақытын өздері таңдай алады. Кешкі уақытта, таңда, тек түнде жұмыс істеймін десе де, өз еркі. Жұмыс уақытын ішкі тәртіппен өзгертуге құқылы. Бірақ дәмхананың сыртында, желілерде уақыты өзгертілгені көрсетілуі керек”, – деді заңгер.

Алайда дәмхана ресми түрде уақытын өзгертпесе, діни мерекеге байланысты қызмет көрсетуден бас тарта алмайды.

“Ресми түрде ашылған кезде мейрамхана күні бойы жұмыс істейміз десе, ашық тұрса, ораза немесе басқа себеппен тұтынушыларды шығарып жібере алмайды. Бұл «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға қайшы. Мұндай жағдайға кезіксеңіз, тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне шағым түсіре аласыз”, – деп түсіндірді Есдәуір Мұратқан.

фото: Threads әлеуметтік желісінен скриншот