«Бұл масқара ғой»: Мұхтар Тайжан «Томирис» фильмінің қазақша нұсқасы көрсетілмегеніне ашуланды — Қазақстан жаңалықтары

0

Кәсіпкер Мұхтар Тайжан «Томирис» фильмін түсіргендерді сынға алып, халық алдында түсініктеме беруін талап етті. Оған фильмнің еліміздегі кинотеатрларда тек орыс тілінде көрсетілуі себеп болған. Өз кезегінде тарихи туындының режиссері Ақан Сатаев фильмнің қазақша нұсқасының көрсетілмеуіне не себеп болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 

Сақ патшайымына арналған фильм үлкен экрандарда көрсетіле бастағаннан кейін қоғамда түсінбеушілік туындады. Көпшілік фильмнің қазақша нұсқасы жоқ екенін айтып шағымданған. Олардың қатарынан белгілі кәсіпкер Мұхтар Тайжан да табылды. 

«Әлия Назарбаева мен Ақан Сатаев, министр Ақтоты Райымқұлова халықтың алдында түсініктеме беруі керек! Мемлекеттік бюджетінен 2 млрд 250 миллион теңге ақша бөлінген фильмдеріңіз – «Томирис» неге тек орыс тілінде көрсетіліп жатыр? Бұл орыстандыру саясаты емес пе өзі? Біздің көне тарихымызды кім үшін түсірдіңіздер? Бұл масқара ғой! Бір де бір сеанс қазақша жоқ, бәрі орысша!» — деп ашуланды Тайжан Facebook желісінде.

Өз кезегінде көпшіліктің бұл сауалына фильмнің режиссері Ақан Сатаев Instagram желісінде жауап берді. Ол туындының қазақ тіліндегі нұсқасы барын, алдымен ана тілімізде дыбысталғанын айтты.

«Көрермендер мен журналистердің қойылған басты сұрақтары — фильмнің қазақша дыбысталған нұсқасы бар ма? Сөзсіз, толығымен қазақ тілінде дыбысталған нұсқасы бар. Қазақ елі болғандықтан да, алдымен қазақша нұсқасын дыбыстаған едік.

Еліміздің латын әліпбиіне көшуі ұлт үшін жасалған маңызды қадам. Фильмнің соңында жазылатын титрлер латын әліпбиіне аударылу барысында көптеген грамматикалық қателердің анықталуы және топ мүшелері мен актерлердің аты-жөндері құжаттарға сәйкес келмеуіне байланысты кешіктіріліп жатыр. Құқықтық тұрғыдан біз мұндай қателермен көрсетілімге жібере алмаймыз. Шұғыл түрде аталмыш мәселені шешу үстіндеміз», — деп жазды Сатаев.

Сонымен қатар режиссер фильмнің қазақша нұсқасы уақытылы дайын болмағаны, көрсетілімге кешігіп шығарылғаны үшін кешірім сұрады. 

«Екі-үш күнде бұл мәселе шешуін тауып, киномызды ана тілімізде еліміздің барлық кинотеатрларында көре алатындарыңызға сенім білдіреміз», — дейді ол.



stan.kz