Бұл індетке жайбарақат, бей-жай қарауға болмайды – Тоқаев  

0

Президент коронавирустың одан әрі таралуына жол бермеу үшін қазақстандықтарды барлық талапты сақтауға шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 21 наурыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес жұмысын үйлестіретін Шұғыл әрекет ету орталығына барды.

Мемлекет басшысының айтуынша, қысқа мерзімде құрылған орталық қалыптасқан жағдайға мониторинг жасап, науқастарды анықтау және есепке алу үшін озық технологияны қолданады.

​»Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – халыққа шынайы ақпарат беру. Жекелеген БАҚ пен әлеуметтік желіде жалған мәліметтер таралып жатқан кезде бұл өте маңызды. Коронавирусқа қатысты барлық ресми ақпарат http://coronavirus2020.kz сайтында», – деп жазды Тоқаев Twitter парақшасында.

Президент екі негізгі қалада карантин режимін қатаң сақтау баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті.

«Бұл індетке жайбарақат, бей-жай қарауға болмайды. Қойылған талаптарды орындау қажет. Үкімет қысқа мерзім ішінде азаматтарды бетпердемен және антисептиктермен қамтамасыз етуі тиіс», – деп түйіндеді ол.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 53 адамға жетті. Алматы қаласында – 22 адам, Нұр-Сұлтан қаласында – 28 адам, Қарағанды қаласында – 2 адам, Алматы облысында бір адам тіркелді.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз