«Бұл басы ғана» Сириядағы қазақстандықтарды елге қайтару операциясы жалғасады
«Жусан» операциясының арқасында Сирияда жүрген 47 азамат елге оралды
АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. Сириядағы қазақстандықтарды елге қайтару бойынша жүргізілген «Жусан» операциясы жалғасын табады. Бұл туралы бүгін сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айта кетсек, «Жусан» операциясы аясында Сириядан 47 азамат елге оралған еді. Олардың дені, яғни 30-ы – 1-5 жас аралығындағы балалар.
«Бұл соңғы операция емес, тек басы ғана. Қазақстанның сыртқы істр министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар азаматтарымыздың тағдырын әрдайым басты назарда ұстайды», — деді Смадияров сыртқы саяси ведомствода өткен брифингте.
Ол «Жусан» операциясы ұзақ дайындалғанын әрі күрделі болғанын атап өтті. Сириядағы отандастарды елге қайтаруға шетелдік серіктестер мен халықаралық ұйымдар тартылған.
«Қазақстандықтардың көбі Сирияда жүрген туысқандарымен бір жолын тауып байланысқа шығып жүр. Өткен жылы консулдық қызмет департаментіне 20-дан астам өтініш түсті. Сондай-ақ Сириядағы азаматтардың өзі түрлі комитеттер, әлеуметтік желідегі топтар арқылы байланысқа шығып, үйге қайтқысы келетінін айтып жатады», — деді Смадияров.
Қуаныш Сұлтанов «Жусан» операциясы негізінде деректі фильм түсіруді ұсынды
Ол «Жусан» операциясы алдағы уақытта жалғасын табатынын атап өтті.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/