«Бұл апат айтып келді»: Асхан Тарғын туған жерінің су астында қалғанын айтып, дабыл қақты

0

Танымал әнші Асхат Тарғын туған жерінің су астында қалғанын айтып, жергілікті билік өкілдерін кінәлады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әншінің айтуынша, Ақтөбе облысы, Ырғыз өңірінің халқы су тасқынынан қатты зардап шегіп жатқан көрінеді.

“Осының бәрі – 30 жыл бойы түк істелмегеннің кесірі. Ақтөбе қаласының ішінде су ағар арықтар жоқ, қала сыртында су ұстайтын дамбы жоқ. Ауылдағы жағдай мүлдем нашар. Қаншама үй, қаншама мал-мүлік суға кетті. Кімді кінәлаймыз?! Тағы да халықты ма?! “Апат айтып келмейді” деп құтыла салады, әйтеуір. Бұл апат айтып келді. Өйткені қыста барғанымда даланың қары жылдағыдан өте көп жауғанын көзіммен көрдім. Айтып едім “мына қар ерісе даланы ауылды су басады” деп. Айтқаным келді. Еліміздің барлық аймақтарын су басып жатыр, өкінішті… Сергекті көбейткенше, болмайтын насыбаймен айналысқанша, осы су басу каупіне дайындалу керек еді. Алдын ала іс-шараларды жасау керек еді. Сөзім жоқ. Алла жар болсын халқыма”, – деп жазды әнші.

Желі қолданушылары мен әншінің тыңдармандары түрлі пікір жазып, су тасқынымен қалай күресіп жатқандарын баяндап берді.

“Ауыл сыртына шом тарту керек еді. Сол кезде тұрғындар әбігерге түспейтін еді”, “Бұл табиғи апат емес. Жылда еритін қар суы. Дамбы салуы керек деп қанша жылдан бері айтып жүрміз. Еститін ұүлақ жоқ”,  “Дұрыс ой айтып, пікір білдірсең биліктің жауына айналасың” деп жазып жатыр оқырман қауым.

Еске салсақ, Тоқаевтың су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысына барғанын хабарлаған едік.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек Қазақстанның 12 облысында су тасып, қауіп төндіріп тұр. Бұған дейін Оралда су тасқынына байланысты тұрғындарды эвакуациялау басталғаны жазылған.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанайдағы су тасқынына қарсы жедел штаб тұрғындарға төтенше жағдайға дайын болу керегін айтып, ескерту жасаған еді. Ведомство өзендегі су деңгейі күрт көтерілген жағдайда Колесный ряд ауданын (Пионерская, Красный Кузнец, Тобольская, Юный Боец, Дачная көшелері) су басып қалуы мүмкін екенін мәлімдеді.