Бүгіннен бастап қарттар үйі мен интернаттарда карантин енгізілді

0

Елімізде санитарлық-дезинфекциялық шаралар күшейтілуіне байланысты медициналық мекемелерде фото, аудио, видео түсіруге қатаң тыйым салынады

НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Қазақстанның барлық медициналық және медициналық-әлеуметтік ұйымында, қарттар үйі мен интернаттарда карантин жарияланды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

«Бүгіннен бастап медциналық ұйымдарда, ауруханалар, медициналық-әлеуметтік мекемелер, сонымен қатар интернаттар мен қарттар үйінде карантин енгізіледі. Осыған байланысты бұл мекемелерге тек сол жердің қызметкерлері ғана кіргізіледі. Бөгде адамдар кіре алмайды», — деді Біртанов онлайн брифингте.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда тағы 14 адамнан коронавирус табылды 

Министр санитарлық-дезинфекциялық шаралар күшейтілгенін атап өтті.

Медициналық мекемелерде фото, аудио, видео түсіруге қатаң тыйым салынады.

Коронавирус эпидемиясы

Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 27 адам коронавирус жұқтырды. Оның 13-і Алматыда, қалған 14-і Нұр-Сұлтан қаласында.

Айта кетсек, індетке шалдыққандар арасында екі жасар сәби де бар. Коронавирустың алдын алу мақсатында елімізде 16 наурыз таңғы сағат 08.00-ден бастап төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуір күні таңғы 07.00-ге дейін күшінде болады.



sputniknews.kz