«Бүгінгі жүйе – қаскөй жүйе»: Бекболат Тілеухан қатты кетті
Қысқа сілтеме алу
Мәжіліс депутаты келешек ұрпақ алдындағы ең маңызды проблеманы атады
НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Қазақстандағы білім беру жүйесін қатаң сынға алды.
«Мәселе жүйеде. Жүйе – қаскөй жүйе. Мұндай жаман жүйе жоқ. Талай проблема бар. Жұмыссыздықты айтып жатырмыз. Жемқорлықты айтамыз. Масылдық дейміз. Елімжандықтың жоқтығы дейміз. Осының бәрі де проблема шығар. Бірақ бұл білім жүйесінен маңызды проблема біздің ұрпақ үшін жоқ», — деді Бекболат Тілеухан Qazaqstan телеарнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында.
Мәжіліс депутатының пікірінше, келешек ұрпақ үшін білім беру жүйесін түбегейлі өзгерту керек.
«Адамның өмір жолының табалдырығы мектеп болса, мектептің жаны мұғалім болса, мұғалімнің құралы оқулық болса, оқулықтың басы оқу бағдарламасынан басталатын болса, осы бүкіл циклді жасаған кезде, білесіз бе қандай жүйемен жасалып жатқанын? Ал енді бұл жерде жүйені түбегейлі өзгерту керек. Жүйе өзгермей, бұл дау – ешқашан таусылмайтын дау», — деп кесіп айтты ол.
Тағы оқыңыз: Бекболат Тілеухан «халықты тізерлеткісі келген» әріптесінің сөзіне пікір білдірді
Ал «жүйені кім өзгертуі керек?» деген сұраққа Бекболат Тілеухан халық өзгертуі тиіс деп жауап берді. Жүргізуші «ол министрдің қолында емес пе» деп еді, мәжіліс депутаты жаңадан келген білім министрі мен вице-министрге де айту қажеттігін атап өтті.
sputniknews.kz