Бүгінгі күніміз «айналайын» болып қалуы мүмкін – Ресейдегі «мобилизация» жайлы депутаттар не дейді

0

Ресей президенті Владимир Путин бүгіннен бастап елінде ішінара мобилизация басталатынын мәлімдеді. Яғни бүгіннен бастап Украинадағы соғыс жаңа фазаға өтіп, әлемдік геосаяси жағдай тіпті ушыға түседі. Қазақстанның сауда, экономика саласындағы ең үлкен серіктестерінің бірі – Ресейдің осынау қауіпті қадамы көрші елдерге қалай әсер етеді? Қазақстан билігі мұндай жағдайда нені ескеруі керек? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақтарды Парламент депутаттарына қойып көрді дейді Kznews.kz ақпараттық агенттігі.

«Көршіңнің үйі өртеніп жатса…»

Мәжіліс депутаты әрі саясаттанушы Айдос Сарым әңгімесін «көршіңнің үйі өртеніп жатса, ол жақсылық емес қой» деп бастады. Айтуынша, Ресей билігінің бұл шешімінің қалай болғанда да экономикалық ықпалы болады.

«Күні кеше ғана госдуманың бір күнде қабылдаған шешімі Ресейдің биржасын 1 трлн рубльге әлсіретті. Біз бір экономикалық одақтамыз. Ол одаққа түсетін қаражат бізге де түсетін. Бірінші мәселе осы», — дейді ол.

Екіншіден, осы заңға қол қойылғаннан кейін Ресейде шынымен де мобилизация басталатын болса әскерге жарамды дейтін азаматтар жан-жаққа бытырап қашуы мүмкін. Бұл тағы да салмақ.

Айдос Сарым

«Шекараны жабатындай негіз жоқ. Біз бір кедендік одақтамыз. Бірақ енді ішкі құрылымдық, арнайы қызметтер содан сақтанып, тиісті жұмыстарды жүргізуі керек деп ойлаймын», — дейді ол.

Айдос Сарым егер шынымен де Ресейдегі жағдай тым ушығып кетер болса, онда елдің ыдырауы деген мәселе туындауы ықтимал екенін ескертеді. Оның сөзіне қарағанда, бір әпербақанның орнына 5 немесе 10 әпербақан келуі мүмкін. Ал ол әпербақандардың қолында ядролық қару болса, олардың бәрі популистік пікірде болса, олар өздерінің экономикалық мәселелерін шешу үшін үлкен соғыстарға апарып соқтырса, ол Қазақстанға жақсылық әкелмейді.

«Миллиондаған босқын келсе, бүгінгі күніміз «айналайын» болып қалуы мүмкін», — дейді депутат.

Депутаттан «Ресей Украинаға соғыс жариялап жатса, Қазақстан қандай шараларды қабылдауы керек?» деген сұраққа былай деп жауап берді.

«Біз барлық мәселені дипломатиялық жолмен шешуге тырысуымыз керек. Тараптарды бейбітшілікке шақырған абзал», — деді ол.

Айдос Сарымнан «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы Қазақстан Ресейге әскер бер десе, бас тарта алмай қалуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойылды.

«ОДКБ деген уақытша ұйым. Кезінде соның арқасында Қазақстан өзінің біраз мәселесін шешіп алды. Шекарасын бекітті. Бірақ шын мәнінде, ол құндылықтарға негізделген ұйым емес. Мәселен, күні кеше Самарқанда Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының отырысы болып жатты. Дәл сол сәтте қырғыз бен тәжік президенттері шай ішіп отыр. Бірақ екі елдің армиясы сол кезде соғысып жатыр. Кеше Арменияда қайта-қайта митинг өтіп, «ұйымнан шығайық, Америкаға табынайық» деген әңгімелер шыға бастады. Яғни ортақ құндылық жоқ. Мәселен, бір-біріне құндылықтары жақын мемлекеттер кезінде НАТО-ны құрды. Ал ОДКБ құрамындағы 6 елдің 6 түрлі мүддесі, мақсаты бар. Сондықтан, меніңше түбі ТМД ұйымы секілді болады. ТМД шеңберінде мыңдаған қаулы мен шешім шыққан. Бірақ соның ешқайсысын бірде-бір тарап орындап жатқан жоқ», — дейді Айдос Сарым.

Депутаттың айтуынша, ҰҚШҰ-дан қарағанда Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес секілді ұйымдардың болашағы ықпалдырақ.

«Бәрі Қазақстан басшылығының саяси жігеріне байланысты»

«Ақ жол» партиясынан Азат Перуашев Ресей тарапы “қазіргі жұмылдыру көлемі халықтың 1 пайызын да қамтымайды” деп ақпарат таратқанымен, жұмылдырудың аты жұмылдыру дейді.

Азат Перуашев

«Жұмылдыру дегеніміз сонымен қатар экономиканы қайта құру дегенді білдіреді. Яғни қазір Ресейде әскери-өнеркәсіптік кешен жұмысын күшейтеді. Себебі бұған дейін азаматтық кәсіпорындардың бәрі де әскери бағытқа бейімдеуі ықтимал. Қазақстан үшін экономикалық тұрғыда қатты шығын болмауы мүмкін. Ол аз десеңіз, отандық өнімдерге сұраныс арта бастауы ықтимал. Себебі Ресейде азаматтық сұраныстағы тауарлар өндірісі енді қысқара береді. Жұмылдыру жағынан меніңше, Қазақстанда жұмылдыруға жарамды ресейлік азаматтардың саны соншалықты көп емес», — дейді Перуашев.

Оның сөзінше бұл жерде геосаяси тұрғыда басқа қатер бар. Егер қазір Ресей оккупациялаған облыстарды Ресей аумағы деп таныса, ондай жағдайда Қазақстанның ҰҚШҰ шеңберіндегі міндеттемелері турасында сөз қозғала бастауы мүмкін.

«Сондықтан, біз бұл тұрғыда салмақты шешім қабылдай білуіміз керек. Президент Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда айтқанындай, Қазақстан сол квазимемлекеттік құрылымдарды мойындамайды. Тіпті Ресей ол өңірлерді өз жерім деп таныған күннің өзінде ол халықаралық құқықтық тұрғыда да үлкен сұрақтарды туғызуы мүмкін. Оған қоса президент Тоқаевтың БҰҰ бас сессиясында сөйлеген сөзін тыңдасаңыз, қалыптасқан шекаралар, аумақтық тұтастық сақталуы керектігі туралы да сөз қозғады. Президенттің осындай позициялары Қазақстанға осы соғысқа араласпауына негіз бола алады. Меніңше, Қазақстан бас тарта алады. Бас тарта ала ма, жоқ па – ол Қазақстанның саяси басшылығының күш-жігеріне байланысты. Бізде президенттік жүйе. Парламенттік тұрғыда айтар болсақ, Ақ жол Қазақстанның бұл соғысқа араласуына қарсы», — деп түйді сөзі Азат Перуашев.

«Ең бастысы, санкциялардан сақтану керек!»

Депутат Альберт Раудан бұл қауіптің экономикалық салдарын сұрағанбыз. Оның айтуынша, «Ресей біз үшін маңызды болғанымен, ең басты сауда серіктесіміз емес».

Альберт Рау

«Мәселен, Қазақстанның жалпы сыртқы саудасын үшке бөлуге болады: бір бөлігі Еуропа елдеріне, екінші бөлігі Ресей, үшінші бөлігі Қытаймен байланысты. Жекелеген тауарлар бойынша әлбеттте, бізге ықпалы болады. Қазақстанда тауарлардың жекелеген түрі жоқ болып кеткенін қаламайтын шығармыз? Бұған дейін Қазақстан мен Ресейдің саудасы 1 рубль – 5 теңге көлеміне бейімделген. Енді рубль 7 теңгеге қымбаттап еді, бұл жағдай бізге біршама әсер етіп жатыр. Дәл осы деспоритет мәселесі бар», — дейді ол.

Депутат Ресей қазіргі уақытта әлемдік валюталық жүйеден шығып кеткенін еске сала келе, ондағы билік қаласа, бір доллардың құнын 5 рубльге дейін төмендете алатынын атап өтті.

«Бізге бірақ мұның жүгі бізге тіпті ауыр болады. Бірақ Ресей билігі ондай қадамға бармайтыны анық. Өйткені өздері рубльді қалай әлсіретеміз деп бас қатырып жатыр. Өйткені Ресей экспорттан ақшаны көбірек тауып, рубль жағынан ақша массасын арттыруға зәру. Бюджетті толтыру керек қой. Біз санкцияларға қосылып кеткен жоқпыз. Сонымен қатар санкциялар бізге әсер еткенін де қаламаймыз. Басты мәселе де осы», — деп түйді ол.