Бүгін Шәкен Аймановтың туғанына 108 жыл толды
15 ақпанда Алматыда Юрий Померанцевтің естелік жұлдызының ашылуы болып өтті. Салтанатты шара отандық кино өнерінің дамуына баға жетпес үлес қосқан тұлға – Шәкен Аймановтың туған күніне орай өткізілді. Себебі Шәкен Кенжетайұлы кезінде әріптестерімен бірге отандық кинематографтың іргетасын қалап, еліміздің басты киностудиясы «Қазақфильмді» құрды деп хабарлайды kznews.kz тілшісі.
«Шебердің туған күніне орай «Қазақфильм» киностудиясында киногерлердің жиналуы дәстүрге айналды» — дейді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бас продюсері Адай Әбелдинов.
Қонақтар Шәкен Кенжетайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, «Қазақфильмнің» Жұлдыздар аллеясында жақында өзінің 99 жылдығын атап өткен Қазақ КСР Халық әртісі Юрий Борисович Померанцевтің естелік жұлдызының ашылуына қатысты.
Юрий Борисовичтің жұлдызын «Қазақфильм» АҚ Президенті Ақан Сатаев пен қазақстандық театр мен киноның мэтрі 79 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының директоры Юрий Якушев ашты.
«Актер Юрий Борисович Померанцевтің жұлдызын дәл бүгін ашқанымыз кездейсоқтық емес – шебер Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» атты фильмінде басты рөлдердің бірін сомдаған. Барлықтарыңызды осы айтулы күнмен құттықтағым келеді», — деп атап өтті Ақан Сатаев.
Қонақтар арасында Шәкен Кенжетайұлының келіні Ирина Айманова да болды.
«Шәкен Аймановты еске алғанымда, өзінің жарқын шығармашылығымен, жанының жылуымен халықтың ең керемет сезімдерін оята алатын адамның бейнесі көз алдыма келеді. Бізде ол сияқты керемет отансүйгіш, мейірімді және жомарт адам болмаған шығар. Оның әрбір фильмі сол сезімге толы. Оның біздің ортамызда болғаны, оны көзімізбен көргенімізге және оның фильмдерін тамашалай алатындығымыз үшін қуанамын», — деді Ирина Борисовна.
Ресми рәсім аяқталғаннан кейін қонақтарға және БАҚ өкілдеріне Шәкен Айманов мұражайы бойынша экскурсия ұйымдастырылып, киностудияны жаңғырту бағдарламасы аясында алынған заманауи түсірілім техникасы көрсетілді.