Бүгін қазақтың ұлы ақыны Мағжанның туған күні

0
305

КҮН ПЕРЗЕНТІ
(Мағжан Жұмабайдың үш өлеңі туралы)
Біз зерттеп-зерделегелі отырған – От, Пайғамбар, Күншығыс – атты үш өлеңде керемет ақындық талант, алапат қуат бар: оқығанда бойыңызды шымырлатып жібереді.
Не деген күш екені белгісіз, кітабын қолыңызға алғанда, бетін парақтап, атауын тапқанда, көп шығарма ішінен үшеуі бөлектеніп, оқшау көрініп, жанартаудай атқылап тұрады. Поэзия құдыреті дегеніміз осы шығар.
Бізді ғана емес, бүкіл адамзат қауымын таң қалдырады. Әуезді форма тактқа айналады, екпіні эскпрессияға жалғасады, экспрессия – агрессияға, бейне бір кемерінен асып төгіліп, қопарылып келе жатқан тасқын тәрізді.
ОТ
Күн анасынан туған перзент Күнге ғана бағынады. Өзі де Күн. Себебі, Күн Күннен ғана туады:
Жалынмен жұмсақ сүйеді,
Сүйген нәрсе күйеді, – дейді автор.
“Жалын жұтқан” қаһарман-кейіпкерге басқа жасық нәрсе керек емес, өйткені отқа “тез тояды”. От – Тәңірі. Лирикалық образ – Әулие, Ие, Құтына – табынады.
Май құямын – өрлейді,
Құлашын көкке сермейді.
Май құю – қарсылықтың белгісі. Май құю – қазақ дәстүрі. Көшпелі елдің көне наным-түсінігі. Өзіндік тектестігінің бір негізі. Қазақ отты қастерлейді. Далада ашық қалдырмайды. От жанған жерді көміп кетеді. Әрі діни түсінік, әрі қоламтаны сақтайды, өшірмейді, келесі бір жолаушыға пайдасы тиеді. Көмек. Көшпелі жұрттың кісілігі.
Жын-шайтанды отпен қайтарады, түтіндетеді. От төңірегінде қазақта әңгіме көп.
Мағжан – төл мәдениетіміздің жаршысы, қамқоршысы, шырақшысы.
Кейде жылан арбайтын,
Кейде аждаһа жалмайтын.
Сескенбес сенен, сірә, кім.
Бұл жерде Мағжан көрші елдердің көркем бейнесін кейіптеп, көз алдымызға көлденең тартып, анық келтіріп отыр. Бір жағы Батыс, бір жағы – Шығыс. Жалпы, діни және тарихи ерте кезеңдерде Батыс томаға-тұйық Шығысты жау көріп, жаулығын жылан түрінде бейнелеген, сондықтан атқа мінген әулие Григорий Батыстың сәулет, сымбат, сурет өнерінде үнемі найзасымен жылан шаншып жатады. Мағжан сөзінен шатаспайды да адаспайды. Жылан образы Қорқыттан асып, Шумерге жетеді, атақты “Гильгамеш туралы эпоста” да жылан мәңгілік өмір гүлін ұрлап кетеді, (Гильгамеш – аккадша, шумер тілінде: Білге-мес) ”, Шумер халқы өздерін Кеңес, Кеңгер деп атаған екен, Қазақстанда Кеңгір өзені бар, Абайдың бір атасы – Кеңгірбай.
Қорқытқа да ажал жыланнан келді. Жалпы, жылан образы Батыстан Шығысқа қарай жақындаған сайын жақсара түседі, сөйтіп, Қытайға жеткенде – тіпті, “жағымды образға” айналады.
Мағжанның масштабы үлкен. Ол – әлем ақыны, мұрасы – адамзат қазынасы, алаштың ғана меншігі емес. Жауһар жыры қаламынан қағазға тамғанда телегей теңізге айналады.
Айтқаны – алтын-күміс, жазғаны – інжу-маржан.
Қараңғылық бұққанда,
Қызарып күн шыққанда,
Күн отынан туғанмын.
Жүрегімді, жанымды,
Иманымды, арымды
Жалынменен жуғанмын.
Қазақ ұғымында кір шалған нәрсе отпен тазарады, от кесір-кесапат, пәле-жала, қауіп-қатерден сақтайды. Сондықтан ақын жалынмен жанын, иманын жуады. Иман сөзі — ислам мен халықтық салт-дәстүр екеуі арасындағы дәнекер сөз. Әлбетте, асыл түсінік. Қазақтың рухани болмыс-бітімі. Бір бойында екі дүниетаным бірігіп тұрғанын, біте қайнасып жатқанын білдіреді. Қайшылықсыз, қатар өмір сүре алатын қос тұма бастау. Күн – жарық, жақсылық әкеледі, жарық – білімнің тұспалы, білім – жақсылық белгісі.
Күннен туған баланың дұшпаны – қараңғылық. Жанғаны – “жарқырағаны”. Әлемді нұрға бөлеп тұрады.
ПАЙҒАМБАР
Мағжан кейіпкері “От” деген өлеңінде шыққан тегін баяндаса, “Пайғамбарда” құтқарушы ретінде танылады. Қараңғы, қара түнек Батысты Шығыстан атып келе жатқан таң құтқарады. Таң – Күннің бір аты, таң – Тәңірдің өзі. Батыстың жағдайы қалай?
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы атпаған.
Түнеріп жүр түннен туған перілер,
Тәңірісін табанына таптаған.
Он тоғызыншы ғасырдың соңы, жиырмасыншы ғасырдың басында Еуропа көп бейнет кешті, таптық күрестен бастап, мемлекет аралық қақтығыстарға дейін майдан ашылды, кәрі Еуропа соғыс театрына айналды. Дүниежүзілік көлемде, деңгейде жаналасты, арпалысты. Бір-бірін қынадай қырды. Империялар жүздеген жылдар бойы арқа сүйеген нәсілшілдік идеологиясын жақтап, құлдық қанаушылық жүйені сақтап бақты. Бұл – “құдайсыздық” тудырған қайғы-қасірет еді.
… Түн баласы Тәңірісін өлтіріп,
Табынатын басқа Тәңір таппаған.
Бұл эпизод Ницше кітаптарында ашық мәлімделген “Құдай өлімі” түсінігі мен Еуропа қалаларын кезген атеизм мен коммунизм елесі көрініс бергендей күйге ұшыратады. Мағжан Еуропа тарихын, діни сана-сезімінің даму кезеңдерін, саяси жолын жақсы білген деседі. Замандастары Мағжанның білімдарлығына тәнті болған екен.
Әрине, неміс ойшылы пенде бойында “Құдайға деген сенім өлгенін” паш етіп отыр, жүректе орнаған имансыздықты меңзейді, қазіргі таңда киелі кітаптардағы талап-тілектер орындалмайтынын алға тартады.
Білген емес иман деген не нәрсе,
Қарын деген сөзді ғана жаттаған.
Фетишизмге бағынған елдің рухани тұрғыда азып-тозып бара жатқанын көрсетеді. Бірақ, жүз он сегіз мың пайғамбардан кейін де түзелмеген, хақ жолына түспеген, адасып келе жатқан жұртты ізгілікке шақыратын соңғы Елші келе жатқанын жария етеді.
Өлең екі тарихи кезеңді қабаттастырып жібереді: Мұхаммед пайғамбар заманы мен капиталистік қоғамдық формацияны біріктіреді. Қалай? Капитал культі фонында ислам тарихы айтылады.
Әлеуметтік мәселелер діни ілімнің алдына шығады, бұл заманда күнделікті тұрмыс, өкінішке қарай, мәңгілік өмірден ұзағырақ әрі құндырақ көрінеді.
Ал келесі өлең діни сюжетке құрылған. Бірінші жыр тәңірлік наным-сенім кезеңіне арналса, екіншісі Пайғамбарлар дәуірін, Мұса мен Иса уақытын бейнелейді. Мұхаммед пайғамбар алдындағы уақиғаларды қамтиды.
Түн баласы… түн жолына түскен ол,
Сақаусың деп Мұса тілін кескен ол,
Тәңірінің сүйікті ұлы Айсаның
Тітіркенбей ұрттап қанын ішкен ол.
Бұ не заман? Ел азып, жұрт тозған заман. Кісілік азайған, хайуандық көбейген заман.
Алла бәрін көріп отыр.
Түн баласы түнерген түн жамылған,
Аллаға емес, Әзәзілге бағынған
Інжілді өртеп, табанға сап Құранды
Әділдікті күткен ессіз қарыннан.
Ішсем-жесемді ғана білетін дәуір орнады. Жүректегі сәуле сөнді, Қабыл мен Әбіл сахнаға шықты. Бір-бірін бауыр емес, жау көрген заман туды.
Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтеді,
Ой артынан ойлар келіп кетеді.
Түн баласы көр көзінен жас төгіп,
Күншығыстан бір пайғамбар күтеді.
Ол пайғамбар жаңа дін әкеледі, жаңа тәртіп орнатады. Қатар-қатар көрші-қоңсы отырған ұлт-ұлыстармен сөзсіз жүздеседі, міндетті түрде. Бұл – ежелден келе жатқан халық – тәңірлік кезеңнен бүгінге жеткен жұрт.
Ерте күнде отты Күннен гун туған,
Отты гуннен от боп ойнап мен туғам,
Жүзімді де, қысық қара көзімді
Туа сала жалынменен мен жуғам.
Гун – пайғамбар күткен халықтардың бірі. Оны кейін қабылдады да. Сопылық жолмен көшпелі гун ұрпақтары мұсылмандықты таныды, мойындады, таратты.
Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы көзімде Күн нұры бар,
Мен келемін, мен келемін, мен келем
Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар
Гун үрім-бұтағы елмен бірге пайғамбар сөзін, ілімін таныды, Берке ханнан бері Алла – хақ, Мұхаммед – Оның Елшісі деп, ақ жолмен келе жатырмыз, әлһәмдүлилләһ:
Күншығыста ақ алтын бір сызық бар,
Мен келемін, мен пайғамбар – Күн ұлы, деп аяқтайды жырын Мағжан.
КҮНШЫҒЫС
Үшінші өлең пұтқа (от) табынушылықтан өтіп, бір Құдайға жалбарынған діни кезең туралы баяндайды, қатыгез заман орнына мейірлі шақ келеді, ақын шуақ төгіп, елді иман нұрына бөлеген Алла құдыреті жайлы сыр шертеді:
Қысық көзді Күншығыс,
Бұл тұруың қай тұрыс,
Серпіл енді, алыбым!
Әуелі азғындаған, батыстық ендіктер мен бойлықтарды жағалаған елдердің мүшкіл жағдайынан хабар береді. Иә, азғын жұрттың жері де тозған, өзі де таусылған, бір-бірімен алысып-жұлысып, қасиет-құндылық, кісіліктен ажыраған, діни шарттарын атқармай, бес парызынан алшақтап, иманынан айырылып, дүние құмар, дүние қоңыз халыққа айналып, тегін, тәрбиесін, тәлімін ұмытқан…
Күнбатысты шаң басқан,
Шаң емес, қара қан басқан,
Көп білем деп бөлуге,
Көп күлем деп өлуге,
Жақын қалды Күнбатыс.
Ақын Шығыстан жеткен Алла әміріне, жаңа пайғамбарға құрмет білдіреді. Дәл қашан келгені айтылмайды, бірақ, низам күшіне нанып, әлемді билейтініне кәміл сенеді.
Енді ізгі қасиет, сүйіспеншілік, махаббат заманы басталады.
Тасыр-күрсіл, қанды атыс.
Қысық көзді Күншығыс,
Болсын соңғы бұл жүріс,
Соңғы майдан бейбіт күнді орнатады, қырғынға қарсы, жақсылыққа жақ. Мейірім, кешірім, бауырластық артып, билік құрады, біз күзетіндеміз, қауіпсіз аймақ, қатерсіз өлке туын көтереміз:
Гүл қылайық қаласын,
Ұл қылайық баласын,
Мейірім есігін ашалық.
Ұлы Мағжан жырлаған үштаған жырдың үш мағынасы осындай – бір-бірімен тығыз байланысты. Біз оны ақын өсиетіндей көреміз. Қапыда кетсе де, қапысыз айтқан қазақ сөзінің пайғамбарындай аяулы да ардақты тұлға, Сіз, Мағжан, киіз туырлықты қазақпен бірге мәңгі жасай бересіз.
24.05.2022
Дидар АМАНТАЙ