Бүгін Қаныш Сәтбаевтың туғанына -125 жыл
Әр халықта мемлекеттің дамуына орасан зор үлес қосқан тарихи тұлғалары бар. Олардың ішінде қоғамға танылу иерархиясында айрықша орын алған көшбасшылар ерекше дараланып тұрады. Ғалым, академик, патриот, отандық ғылымның негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – осындай бірегей тұлға.
Қазақ КСР Ғылым академиясын ашу туралы мәселені талқылау. Оңнан солға қарай: КСРО ҒА-ның президенті В.Л.Комаров, Қазақ КСР Халық Комиссарлары Советінің төрағасы Н.Оңдасынов, В.А.Белый, Қ.И.Сәтбаев. 1946 жыл
Әрқашан бірінші болу – академик Қ.Сәтбаевтың табиғатына тән құбылыс іспеттес. Қаныш Имантайұлы қазақтар арасынан шыққан тұңғыш кәсіби инженер-геолог, тұңғыш ғылым докторы, КСРО Ғылым академиясының тұңғыш академигі, Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушы, оның тұңғыш президенті, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың тұңғыш лауреаты.
Жыл сайын 12 сәуір Қаныш Имантайұлының туған күніне орай елімізде Ғылым күні атап өтіледі. Жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік жетістікке Қ.Сәтбаев атындағы сыйлық тағайындалған.
Қ.Сәтбаевтың даңқты есімі қала, университет, тау-кен металлургия комбинаты, мемориалдық музей, институттар, мектептер мен көшелердің атауларында мәңгі сақталған. Оның құрметіне еліміздің көптеген қаласында ескерткіштер орнатылды.
Академиктің ғылыми мұрасы 800-ге жуық мақаланы қамтиды. Оның редакциясымен Қазақ КСР Ғылым академиясының 30-дан аса ғылыми еңбек жинағы жарық көрді.
Ғалым ретінде Қаныш Имантайұлы еліміздегі ірі пайдалы қазбалар кен орындарын ашып қана қоймай, оларды өндіру және қайта өңдеуге өндірістік база құруға баға жетпес үлес қосты. Бұл елімізді кеңес одағындағы ірі өнеркәсіптік өңірлердің біріне айналдыруға себепші болды. Оның жетекшілігімен алғаш рет Қазақстанның пайдалы қазбаларының әлемдік геологиялық тәжірибеде теңдесі жоқ картасы жасалды.
Ұлы тұлғаның Жезқазған кен орнында темір-марганец кендерін барлау мен игерудегі еңбегі орасан, бұл кен орнының өнімі Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында кеңес одағының болат өнеркәсібін дамытуда шешуші рөл атқарды.
Ғалымның көрегенділігі оның Атырау және Маңғыстау пайдалы қазбалар кен орындарының байлығы туралы батыл ғылыми болжамында да байқалды. Кейінірек оларды игеру академиктің ғылыми болжамының қаншалықты дәл болғандығын айқындай түсті.
Қаныш Имантайұлы 1941 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалын басқарған кезде оның көрнекті ғалым әрі ғылымның білгір ұйымдастырушы ретіндегі таланты толық ашылды. Сұрапыл соғыс жылдарымен қатар келген таңқаларлық қысқа мерзім ішінде ол кеңестік ғылымдағы іс жүзінде елеусіз болған қарапайым ұйымды бүкіл республиканың нағыз «ғылыми штабына» айналдыра отырып, жаңа типті мекеме етіп қалыптастырды.
Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Сол кездің өзінде-ақ Қ.Сәтбаев асқан көрегенділікпен академияны ғылымның барлық саласын біріктіретін күш ретінде жариялады. Ол: «Академияның күші – бұл барлық ғылымдар қиысатын фокусты құрауында, тұтастай алғанда ғылымның барлық салаларын бейнелеуінде. Өндіріспен органикалық түрде байланысқан, өндіріске көмектесетін және оны жоғары технологиялық деңгейлерге бағыттайтын, сонымен бірге өзі де сол өндірістен күш-қуат алып, бағытын анықтайтын ғылым ғана шын мәнінде озық ғылым» деп жазды.
Осы бағытты ұстанған Қаныш Имантайұлы ғылыми-зерттеу институттарын құрып, республиканың ірі кәсіпорындарында олардың филиалдары мен бөлімшелерін ұйымдастырудың бастамашысы болды, өңірлерде көшпелі ғылыми сессиялар өткізді. Ол ғылымның барлық бағыттары мен практиканың дәл осылай ұштасуы ғана қуатты экономикалық серпіліс тудыратын жағдай екенін терең сезіне білді. Сондай-ақ қолданбалы міндеттерді шешудің қайталанбас негізі іргелі ғылыми зерттеулердің озық дамуына ерекше назар аударды. Оның тұсында ғылымның барлық дерлік бағыттары бойынша бейінді ғылыми ұйымдар көптеп ашылды. Қ.Сәтбаевтың академия басшысы, ғалым ретіндегі сіңірген ерен еңбегі мойындалып, ол КСРО Ғылым академиясы президиумының мүшелігіне сайланды.
Академиктің қызығушылығы жан-жақты еді. Ол Қазақ КСР экономикасын дамыту бойынша көптеген стратегиялық маңызды бағыттардың бастамашысы болды. Бұған бір мысал ретінде оның Орталық Қазақстанды суландыру жөніндегі бағдарламасын келтірейік. Қаныш Имантайұлы Ертіс-Қарағанды каналының жобасын негіздеп, оны жүзеге асыруға белсенді үлес қосты. Бойындағы табандылық пен қағидатшылықтың арқасында оның құрылысына қол жеткізді. Бұл каналдың бүгінде оның атымен аталатыны – үлкен мақтаныш.
Ғалым ретіндегі Қ.Сәтбаев феноменінің негізі ғылымның түрлі бағыттары бойынша терең білімінде ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне деген үлкен қызығушылығында жатыр. Ол ұлтымыздың ауыз әдебиетін, халық шығармашылығын мұқият зерттеді, көнекөз қариялармен бар ынта-жігерімен әңгімелесіп, ел аузынан әртүрлі топонимдердің шығу тегін түсіндіретін ертегілерді, әпсаналарды, аңыз әңгімелерді жазып алды.
Ғалым Ұлытау жотасындағы Алтыншоқы баурайынан табылған тастағы араб жазуларын тұңғыш зерттеп, бұның Әмір Темірдің бұйрығымен жазылғанын және оның қазақ даласына, Алтын Орда ханы Тоқтамысқа қарсы жасаған жорығы туралы ақпаратты қамтитынын дәлелдеді, бұл әлемдік ғылым үшін теңдессіз үлкен жаңалыққа айналды. «Ер Едіге» халық эпосының әртүрлі нұсқаларын мұқият қарастырып, оның мәтінінің жаңа редакциясын дайындады. Бұл Қазақстанның ортағасырлық тарихын зерттеуге қосылған елеулі үлес болды. Ол сонымен бірге М.Әуезовтің «Абай жолы» романының маңызын бірінші болып бағалады, белгілі этнограф Александр Затаевичке 25 халық әнін тапсырды, театр, өнер, мәдениет және жастарды тәрбиелеу туралы көптеген еңбектер жазып қалдырды.
Бүгінгі таңда осындай ұлы тұлғаның есімін есте сақтау ғана емес, сонымен қатар академик Қ.Сәтбаевтың болашақ ұрпаққа қалдырған мұрасын игеру, ғылымды, экономиканы дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ол белгілеген қағидаттарды ұстану аса маңызды.
Кеңестік ғылымның, оның ішінде, Қазақстан ғылымының қалыптасу, даму тарихын талдағанда «сол кезеңнің ғылымы қалайша салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде ауқымды жетістіктерге қол жеткізіп, жас мемлекеттің экономикалық өсуінің қозғаушы күшіне айналды?» деген сұрақ еріксіз түрде ойға оралады.
Бұл сұрақтың жауабы – ғылымның озық дамуына басты мән берген сол кездегі дұрыс мемлекеттік саясат. Ғылымға ресурстар бөлу жалпы мемлекеттік басымдық болды және бұл ешқашан күмән туғызбады. 70-жылдардың ортасында ғылымды қаржыландыру көлемі елдің жалпыұлттық өнімінің шамамен 3%-ын құрады, бұл қазіргіден 20 есе көп. Барлық деңгейде таланттарды іздеу, оларды қолдау бойынша жұмыс жүргізілді, соның арқасында ғылым дамуының ерекше қарқыны бүкіл қоғамды қамтыды.
Осының нәтижесінде барлық жерлерде бейінді ғылыми-зерттеу институттары ашылып, ал олардың материалдық-техникалық жабдықталуы мемлекеттің ерекше бақылауында болды. Іргелі зерттеулердің басымдықтары ел алдында тұрған стратегиялық міндеттерге, ал қолданбалы зерттеулер – экономика мен қоғамның ағымдағы және болжамды қажеттіліктеріне негізделді. Ғылымға Қаныш Сәтбаевтың замандастары – жазушы және әдебиеттанушы Мұхтар Әуезов, композитор Ахмет Жұбанов, химик Әбікен Бектұров, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш академик, физиолог Найля Базанова, археолог және этнограф Әлкей Марғұлан, энергетик Шапық Шөкин, тағы басқа көптеген ойшыл, шығармашыл тұлғалар тартылды, кейін олар көрнекті ғалымдарға айналды.
Өкінішке қарай, бұл тамаша тарихи тәжірибе еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ескерілмеді. Өтпелі кезеңнің күрделілігіне төтеп бере алмай, экономикада жеңіл және жылдам жеңістерге жету бағыты белең алды да, ғылымда айтарлықтай нәтижелерге тек тынымсыз, ұзақ қажырлы еңбектің арқасында қол жететіндігі туралы қарапайым ақиқат ұмытылды.
Тіпті жекелеген реформаторлар отандық ғылымды дамытуға қаражат жұмсамай, шетелдік технологиялардың импортына басымдық беруді, ғылымды қажет ететін өндірістерді қолдаудан бас тартуды ұсынды. Мұндай саясат бізді басқа елдерге тәуелді «шикізат қосымшасына» айналдыратыны айдан анық еді. Осындай үрдістер кесірінен Ұлттық Ғылым академиясының рөлі төмендеп, бейінді ғылыми ұйымдарды оңтайландыру шаралары зердесіз жүргізілді.
Ғылымның басты негізі – іргелі зерттеулер қатты әлсіреді. Зерттеу қызметінің ерекшеліктері ескерілмей, ғылыми зерттеулерге мемлекеттік тапсырысты орналастыру, ғылыми ұйымдардың инфрақұрылымын жаңарту рәсімі мемлекеттік сатып алу туралы заңның нормативтерімен реттелді. Бұл іргелі және стратегиялық ғылыми зерттеулер базасының күйреуіне, ғылыми ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру жүйесінде бюрократиялық әуре-сарсаңның өрістеуіне әкеп соқты, соның салдарынан ғалымдар моральдық ескірген және физикалық тозған зертханалық және ғылыми жабдықтармен қалды.
Әсіресе ғылымды қаржыландыру көлемінің елдің ІЖӨ-нің 0,13%-ына дейін күрт қысқаруы қиынға соқты. Экономикалық дамыған елдермен салыстыратын болсақ, ішкі жалпы өнімдегі ғылымға бөлінетін шығындар Израильде – 4,9%, Кореяда – 4,6%, Тайваньда – 3,5%, Швецияда – 3,4%, Жапонияда – 3,2%, АҚШ-та – 3,1%, Қытайда 2,2%-ды құрайды.
Ғалымдардың орташа айлық жалақысы қатардағы мемлекеттік қызметшіге қарағанда 1,5 есе төмен болды. Салыстыру үшін айтайын, «Сәтбаев» кезеңінде бірінші санаттағы институт директорының жалақысы экономика бойынша орташа жалақыдан 12 есе, ал аға ғылыми қызметкердің, яғни еңбек өтілі бар ғылым кандидатының жалақысы жеті есе артық болған.
Қазіргі уақытта отандық ғылым алдына экономикалық өсуді жеделдету, қоғам алдында туындайтын сын-қатерлерге дұрыс төтеп беру қажеттілігінен туындайтын үлкен міндеттер қойылып отыр. Шын мәнінде, бізге – тәуелсіздіктің отыз жылында кенжелеп қалғанды қуып жетіп, отандық ғылымды заманауи талаптар рухында жандандырудың тарихи миссиясы жүктеліп отыр. Сондықтан академик Қ.Сәтбаев қалдырған баға жетпес мұраны дамыған елдер ғылымының озық үлгілерімен ұштастырып, олардың артықшылықтары мен жетістіктерін шынайылыққа бейімдеу арқылы пайдалануымыз аса маңызды болмақ.
Ең алдымен, ғылымның қоғамдағы рөлі туралы қалыптасқан көзқарасты түбегейлі өзгерту керек. Ғылым ауыртпалық (ресурстарды сіңіріп алып, оның орнына ештеңе бермейтін «қара құрдым») ретінде қабылданбауы керек, ол экономика мен қоғам үшін нақты, пайдалы ресурс болуға тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған үнемі баса назар аударып келеді. Оның тікелей бастамасымен елде отандық ғылымды бұрын-соңды болмаған қаржылық қолдау басталды. Бірақ бұл көмектен нақты нәтиже шығару үшін ғылым барлық салаларда, даму мен шешім қабылдаудың барлық деңгейлерінде мемлекеттік басымдықтардың қатарына қайта әрі түбегейлі енуі керек.
Біріншіден, ғылымды қаржыландыру елдің ІЖӨ-нің кем дегенде 1%-ына дейін өсуі керек. Қазіргі әлемде бұл – тым болмағанда технологиялық дамудың орташа деңгейіндегі елдердің легіне ілесуге мүмкіндік беретін, озық әлемдік инновацияларды түйсініп, оны өзімізге бейімдейтін қабілетімізді сақтау шегі.
Екіншіден, бүкіл ғылыми орта түбегейлі өзгеруге тиіс. Қаржыны бөлу мемлекеттік басымдықтармен, бизнес пен қоғамның өзекті мәселелерімен тығыз байланысты болуы керек. Ғылыми әлеуетті дамытуға қатысты шешімдер технологиялық көшбасшы елдердегідей салауатты прагматизм мен әділ бәсекелестік негізінде кәсіби түрде қабылдануы қажет.
Ғылыми ұжымдардың басшылығына тек қана меритократия қағидаттары негізінде іріктелген, өздерінің кәсіби қабілеттері, құзыреттері мен іскерлік қасиеттерімен жұртшылық арасында кең танылғандардың, яғни ҒЗИ мен ЖОО басшыларына қойылатын заманауи көрсеткіштерге барынша кәсіби тұрғыдан сай тұлғалардың келуі өте маңызды.
Үшіншіден, экономиканың өрлеуіне ғылыми зерттеулердің практикалық ықпалын көрсететін шынайы және прагматикалық нәтижелері бар ғылымды дамытудың нақты, ғылыми негізделген стратегиясы қажет. Ғылыми зерттеулердің басым бағыттары қазіргідей ғалымдардың мүмкіндіктеріне емес, академик Қ.Сәтбаев көрегендікпен ұсынып, іс жүзінде жүзеге асырғандай, мемлекеттің қажеттіліктеріне негізделуге тиіс. Жоғары білім мен ғылымды дамытудың қазіргі тұжырымдамасы бұл міндетті толық орындай алмайды.
Төртіншіден, отандық ғылымды реформалауда ғалымдардың өздері, әсіресе үздік жетістіктерімен заманауи отандық зерттеушінің «моделі» ретінде танылған тұлғалар ерекше рөл атқаруға тиіс. Бақытымызға орай, елімізде бұндай ғалымдар жеткілікті, сондықтан олардың әлеуетін біріктіру үшін Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесін көтеру туралы шешім қабылданды.
Академия – ғылым саласындағы тағы бір мемлекеттік орган емес және ғалымдарды басқаратын кезекті әкімшілік жүйе емес. Академия – бұл ғалымдардың тамаша тоғысы, Қазақстанның барлық ғылыми ресурсын жұмылдырушы, ел экономикасын және жалпы қоғамды барынша тиімді дамытуға бағытталған ашық алаң.
Академик Қ.Сәтбаев қалыптастырған Ғылым академиясының құндылықтары, оның ішіндегі әртүрлі ғылыми бағыттағы жетекші ғалымдардың шоғырлануы, экономиканың өзекті мәселелерін шешуге бағдарлану, әлемдік ғылыми жүйеге ықпалдасу – қазіргі таңда Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жаңа миссиясын қалыптастырып отыр.
Бесіншіден, «пәнаралық» (междисциплинарлық) ұғымын бәрі бірдей түсіне бермейтін, сәнді сөз етіп қолданудан алшақтайтын кез жетті, ол енді стратегиялық ғылыми зерттеулердің нақты тетігіне айналуға тиіс. Мұнда да біз білімінің жан-жақтылығы арқасында ірі ғылыми-практикалық мәселелерді, әртүрлі ғылыми бағыттарды біріктіре отырып тиімді шешкен академик Сәтбаевтың тәжірибесіне сүйенетін боламыз.
Бұл ретте, ресми институционалдық шекаралары жоқ Академияның рөлі – басты әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу үшін ғылыми мегажобалардың бастамашысы болу. Шешілуге тиіс мәселенің іргелі білімнен бастап оларды практикалық қолдануға дейінгі барлық аспектілерін қамтитын осындай мегажобалар ғылым, мемлекет және бизнес ресурстарын біріктіретін болады, танымал ғалымдарға талантты жастармен қатар жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Академия бұл жұмысты бастап та кетті: стратегиялық маңызды, интеграцияланған ғылыми-техникалық бес бағдарлама әзірлеп жатыр. Мысалы, академияның вице-президенті, белгілі биотехнолог-ғалым Дос Сарбасовтың басшылығымен қазір елімізде ауыл шаруашылығындағы заманауи биотехнологияны дамыту бойынша жоба дайындалып, ол ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды мәселе – өңірлік ғылымның дамуы. Кезінде академик Қ.Сәтбаев тек зерттеу қызметінің ғана емес, сонымен бірге оның нәтижелерін өндіріске енгізудің жоғары өнімділігі мен тиімділігіне апаратын ең қысқа жол деп санап, ғылымды өңірлерде дамытуға ұмтылғаны кездейсоқтық емес. Дәл осы тәсілдің арқасында сол кезде Қазақ КСР экономикасында қарышты қадамдар жасалғаны белгілі.
Технологиялық дамыған елдердің табысының құпиясы неде? Мысалы, АҚШ-та әр штатта дерлік ірі ғылыми-зерттеу университеті бар, ол осы өңірдің экономикасын дамытудың «ми хабы», инновациялық орталығы болып табылады. Бұл жұмысты тікелей штат губернаторы үйлестіреді.
Ал бізде жағдай мүлдем басқаша. Ғалымдар өңірдегі мәселелерді білмейді, ал өңірлер ғалымдардың мүмкіндіктерінен хабарсыз. Көптеген әкімдіктерде ғылыми ұйымдармен өзара ынтымақтасуға жауапты мамандар да жоқ.
Жуырда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында академия «Өңірдегі ғылым өңір үшін» атты жаңа бастама ұсынды.
Бірінші кезеңде жергілікті атқарушы органдардың басшылығымен құрамына облыс әкімінің орынбасары, өңірлік ғылыми ұйымдардың ғалымдары және бизнес-құрылымдардың өкілдері енетін ғылым және инновациялар жөніндегі Өңірлік кеңестер құру ұсынылады. Олар өндірісті ғылыми қамтамасыз етудің өңірлік проблемаларын зерделеп, шаруашылық жүргізуші субъектілердің инновациялық әлеуетін бағалай отырып, ғылыми білімді тарату орталықтарының жергілікті жерлерде жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет. Сонымен бірге ғылыми зерттеулердің басымдықтарын айқындап, жергілікті жерлердің ерекшеліктерін ескере отырып, бар мәселелерді шешу жолдарын әзірлеуге бас ғылыми ұйымдарға, Ұлттық Ғылым академиясына ақпараттық материалдар беріп отыруға тиіс.
Осы жол арқылы ғана жекелеген мәселелерді шешуге жалпы көзқараспен қараудан алшақтап, республиканың қолда бар ғылыми күшін әр өңірдің нақты міндеттерін нысаналы шешуге шоғырландыра аламыз. Өңірде ғылымды дамыту бойынша жұмыстың көрсеткіштерін облыс әкімдерінің қызметін бағалау рейтингіне қосу қажет болады.
Ал академия өз кезегінде өңірлік университеттер мен ҒЗИ-ға жан-жақты қолдау көрсетеді, қажет болған жағдайда академияның толық мүшелері мен шетелдік серіктестерді тарта отырып, өңірдегі ғылыми зерттеулерді дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі.
Шұғыл шешуді қажет ететін тағы бір мәселе туралы. Қазір ғылымда ғылыми дәрежесі бар қызметкердің орташа жасы 57-де, қызметкерлердің 15%-ы зейнеткерлік жасқа жетті. Сондықтан дарынды жастарды тарту есебінен ғылыми кадрларды жасарту проблемасын Ұлттық академия өз басымдықтарының қатарына қойып отыр.
Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет, жақында Ұлттық Ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Қазір тиісті заңнамалық актілерге жас ғалымдардың мәртебесі, оларды мемлекеттік қолдау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар дайындалды. Қазақстанның жас ғалымдарына сыйлықтар тағайындауда, «Атамекен» ҰКП демеушілігімен жас ғалымдарды материалдық қолдаудың арнайы қорын құру жоспарланып отыр.
Отандық ғылымды дамытуда реформалардың табысты болуының кепілі – оның іргетасын қалап, қалыптасуына бірден-бір ықпал еткен тұлғалардың жетістіктеріне сүйену. Осы істе Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі мен мұрасы әрқашан темірқазық болатыны сөзсіз.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Президент жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының президенті