Бүгін лицензиясынан айырылған ЖОО: білім министрлігі заңға қайшы әрекет жасады

0
2

Академия министрліктің «Атамекен» палатасының рейтингі бойынша білім беру бағдарламаларының 60 проценті жұмыс берушілердің талаптарына сай келмейді» деген мәліметін жоққа шығарады

Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы бас лицензиясынан айырылуына байланысты мәлімдеме жасады.

«Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы студенттер, оқытушылар мен жұртшылыққа осы ақпаратты жариялаған білім және ғылым министрлігінің ғылым мен білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің әрекеті заңға қайшы екенін хабарлайды», – делінген академияның ресми мәлімдемесінде.Академия заңгерлері Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша комитеттің шешіміне шағым түсіре алатынын жеткізді. Ондайда сот органдары әкімшілік өндірісті тоқатуға үкім шығаруы да мүмкін.

«Осыған байланысты дәл қазір бұл шешімнің күшіне енгенін және еліміздің жетекші салалық ЖОО-ның білім беру қызметінің тоқтатылғаны туралы айтуға болмайды», – дейді мамандар.

Академия министрліктің «Атамекен» палатасының рейтингі бойынша білім беру бағдарламаларының 60 проценті жұмыс берушілердің талаптарына сай келмейді» деген мәліметін де жоққа шығарды. Оны ұлттық кәсіпкерлер палатасы да растай алады. Өткен жылы академияны 1 189 студент тәмамдаған. Олардың 71 проценті жұмысқа орналасты.

«Жоспарлы және жоспардан тыс тексерістер кезінде бірқатар кемшілік анықталды. Алайда академия осы олқылықтардың бәрін ақпан айында жойды. Оны министрліктің комиссиясы да растады. Ал комитеттің 2020 жылы мамыр-маусым айында өткізген тексерісі бойынша былтырғы кемшіліктер тіркелген жоқ. Бұл дегеніміз, академия қызметі біліктілік талаптарына сай келеді», – делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, 7 қазанда академия мамандары арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, мәселенің мән-жайын кеңінен айтып беруді жоспарлап отыр.

Министрліктің ұстанымы қандай?

Бүгін білім және ғылым министрлігі Алматыдағы Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының бас лицензиясынан айырылғанын жариялады. Осы шешім 10 жұмыс күнінен кейін заңды күшіне енеді. Сол кезде жоғары оқу орны білім беру саласындағы қызметін тоқтатуға міндетті болады.

Академия иелері комитеттің мұндай шешіміне сот тәртібі бойынша шағымдануға құқылы екенін ескерткен министрлік өкілі студенттердің алаңдауына еш себеп жоқ екенін атап өтті.

«Олар сол қаладағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып, ауыса алады. Ал ақылы оқитындар үшін оқу құны артпайды. Ауысу үшін оларға семестрдің аяқталуын күтудің қажеті жоқ, біз қазірден бастап ауысуға рұқсат бердік», – деді министрліктің білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.Академиядағы бакалавриаттың 8 бағыты, магистратураның 6 бағыты, докторантураның 4 бағыты бойынша лицензиялар Алматы қаласының басқа 30 жоғары оқу орнында бар.

Министрлік материалдық-техникалық инфрақұрылым мен білім беруге салынған инвестицияны ескеріп, академия базасында мектеп немесе колледж құру туралы ұсынысты қарастыруы мүмкін.

Бұған дейін білім министрлігі 25 жоғары оқу орнын лицензиясынан айырған еді. Олар «педагогикалық ғылымдар», «өнер», «гуманитарлық ғылымдар», «жаратылыстану ғылымдары», «техника ғылымдары», «қызмет көрсету» және «әлеуметтік жұмыс», «әлеуметтік ғылымдар» бағыты бойынша мамандар даярлаған.

Sputnik.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз