Бүгін еліміздің екі өңірінде ауа райы күрт бұзылады
Синоптиктердің болжамына сай, бүгін Қазақстанның екі аймағында дабылды ескерту жарияланды
НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан — Sputnik. Еліміздің басым бөлігінде Қара теңіз циклонының ықпалымен қар жауады, оңтүстік өңірде жауын-шашын түседі. Тек Қазақстанның батысында ауа райы жауын-шашынсыз болады. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейіп, бұрқасындатады.
Мегаполистердегі ауа райы
Нұр-Сұлтанда күн ала бұлтты болады, аздап қар жауады. Күндіз және түнде термометр минус алтыдан минус 13 градусқа дейінгі температураны көрсетеді. Батыс және оңтүстік-батыстан соққан жел екпіні секундына тоғыз метрге жетеді.
Алматыда ауа райы бұлтты болады. Таңертең және кешке қар аралас жаңбыр жауады. Күндіз температура плюс төртке дейін көтерілсе, түнде термометр бағамы екі градус жылылықты көрсетеді. Күндіз солтүстік-шығыстан соққан жел кешке қарай басылады.
Шымкентте де бүгін ауа райы бұлтты болады. Күні бойы жаңбыр жауып, ол тек кешке қарай басылады. Күндіз температура төрт градус жылы болса, түнде плюс екі градусқа дейін төмендейді.
Дабылды ескертулер
Бүгін Түркістан облысының кейбір аумақтарында тұман түсіп, көктайғақ болады. Шымкент және Түркістанда тұман түсуі ықтимал.
Бұған қоса, Қызылорда облысының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады.
sputniknews.kz