бүгін бірқатар өңірде ауа райы бұзылады

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

7 0 0

Қазгидромет синоптиктері 18 қарашаға ауа райы болжамын ұсынды. Кейбір өңірлерде бұрқасындатып, тұман түседі, көктайғақ болады

НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша – Sputnik. Бүгін республиканың басым бөлігінде антициклон әсерінен ауа-райы жауын-шашынсыз болады. Тек еліміздің солтүстігі мен шығыс бөлігінде кей жерлерде қар жауады.

Кей аумақтарда жел күшейеді, тұман, бұрқасын болады, солтүстік пен шығыста көктайғақ күтіледі, деп хабарлайды синоптиктер.

«Ақмола, Павлодар облыстарының кей жерлерінде тұман, бұрқасын болып, жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының кей аумақтарында бұрқасындатып, көктайғақ болады, жел 15-20 м/с жетеді», — делінген Қазгидромет болжамында.

Синоптиктер мәліметінше, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде тұман түседі.

Ал Қарағанды, күндіз Жамбыл облыстарының кей аумақтарында жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Қостанай облысының кей жерлерінде көктайғақ күтіледі.

Қазгидромет ескертуі

Қазақстанның екі өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Синоптиктер бүгін тұман түсіп, бұрқасындатады деп болжап отыр.

«Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Солтүстік Қазақстан облысының кей аумақтарында 18 қараша күні тұман түсіп, көктайғақ пен бұрқасын болады. Жел солтүстік-батыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады», — делінген ақпаратта. 

Петропавлда да көктайғақ болып, солтүстік-батыстан жел ұйтқып, екпіні 15-20 метрге жетеді. Ауа райының бұзылу ықтималдылығы 90-95%.

Ақмола облысының бірқатар жерінде тұман түсіп, бұрқасындатады. Жел батыстан, солтүстік-батыстан соғып, жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді, деп хабарлайды Қазгидромет.



sputniknews.kz