Бүгін батырдың туған күні: Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері

0

24 желтоқсан (1910 жыл) ұлтымыздың даңқты ұлы, қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының туған күні.

Бауыржан генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады.
Бауыржан Момышұлының батырлығы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында кеңінен суреттеледі.

Соғыстан кейін ол  Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шықты.

Бауыржан Момышұлының  Офицер күнделігі», «Бір түннің оқиғасы» (1956), «Москва үшін шайқас” (1958), “Майдандағы кездесулер” (1962), «Куба әсерлері» және тағы басқа туындылары бар.  Ол Кеңес Одағының батыры И.В.Панфилов жайында “Біздің генерал” деген ғұмырнамалық хикаят жариялады. Ал “Ұшкан ұя” романы үшін оған 1976 жылы Казақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атағы берілді.

****
1. Жауынгерлік тәрбие іскери киімде емес, жергөкте жатыр.

2. Жақсы солдат – командирге ұстаз, ал ақымақ генерал командир түгілі солдатқа ұстаз бола алмайды.

3. Жалтақтардың көбі ақымақ, әкімқұмар келеді.
4. Символдық сыйлықтарды қара бастың құлқынына құрбан ету – қасиетсіздік.
5. Адамның көзқарасы мен түрі – жан дүниесінің рентгені.
6. Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ.
7. Опасызда Отан жоқ.
Отанда опасызға орын жоқ.

8. Қарабет болып қашқанша,
Қайрат көрсетіп өлген артық.
9.Таяқтан тайсалмасаң,
Семсерден сескенбесең,
Жеңдім дей бер…
10. Тәртіпке бас иген құл болмайды,
Тәртіпсіз ер болмайды.
11. Ұрыста тәуекел ету де – ерлік.

12. Адамның көтеріңкі көңіл-күйі – ұрыста ең айбарлы қару.

13. Алтын басты болсаң да, ардан артық емессің.
14. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.
15. Тексізден тезек артық, арсыздан айуан артық.
16. Әркім әр жағдайда өледі, ақымақ та, ақылды да өледі.
Бірақ, қалай өлу басқаша.
17. Тізе бүгіп, тірі жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық.
18. Ел дегенде – езіліп, жұрт дегенде – жұмылып істе.
19. Бұйрық – алғыр басшының ой-арманы.
20. Әскерсіз–қолбасшы қауқарсыз, басшысыз – әскер әлсіз.
21. Батырға Сырдың суы сирағынан келмейді,
қорқаққа батпақ та кедергі, шалшық та бөгет.
22. Тәртіп кейде тәртіпсіздікті тудырады.
23. Екіжүзділіктің балын татып жүргеннен, әділдіктің ащы уын ішкен артық.
23. Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық.
24. Жақсы бастық – жарты бақыт.

25. Соғыс – өмір мен өлімнің арасындағы қыл көпір.

26. Ойланып тұжырым жасау ойлаған нәрсені орындағаннан күрделірек.
27. Жауынгерлік бақыт ұрыста командирге кездейсоқ келмейді, жеңіспен келеді
28. Басқа жазушылар сиямен жазса, біз қанымызбен жазамыз.

29. Билік те қауіпті. Егер билік ақылды адамның қолына берілген болса – онда ақылды басшыға, ал егер ақымаққа берілген болса – онда есерсоққа айналады.
30. Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнеге, нағыз басты белгісі.

31. Әйелдің сайқалы бірді ғана арбайды, әдебиет сайқалының мыңға зияны тиеді.
32. Сауатсыз жазушының кейіпкері надан болып шығады

33. Жауды өлтірсең – өлімнен құтылдың,
Өлтірмесең – өлімге тұтылдың.

34. Тексізден тезек артық, Арсыздан айуан артық.

35. Именіп жүріп көрген игіліктен, қарсыласып жүріп көрген бейнет артық.

«Қамшы» сілтейді