«Бұған тек жұмыс ретінде қараймын»: Суррогат ана болған әйел босанғаннан кейін не сезінгенін айтып берді

0

«Болашақ» суррогат аналар орталығының анасы Үмітжан суррогат ана болудың қыр-сырын айтты. Екі рет суррогаттық қызмет көрсеткен ол мұны жай жұмыс ретінде қарайды әрі өз құрсағында көтерсе де, өзгенің баласына имешегі иірілмейтінін айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі “Мамский әңгіме” Youtube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Үмітжан суррогат аналардың қызметін бала күтушісінің жұмысымен теңестірді.

“Суррогат ана қызметі де жұмыс. Біз ағзамызды жұмысқа саламыз. Алайда қазіргі таңда донорлар бар ғой, бір олар сияқты ағзамызды бермейміз, біз тек табиғи мүмкіндігімізді пайдаланамыз. Әйел ағзасын ауыстыра алатын ештеңе жоқ, сол себепті суррогат аналар қажет”, – деді ол.

 

Үмітжанның медициналық білімі суррогат ана болу кезде көп көмегін тигізген. Ол алғаш суррогат ана болғанда, егізді құрсағында көтеріпті.

“Мен жүрегімнің астында егізді көтергеніммен, ештеңе сезген жоқпын. Бұған жұмыс ретінде ғана қарадым. Жүктілік кезінде гормондар ауытқуы болатындықтан, кейде уайым болатын. Өз-өзімнен күдіктеніп, балаларды көргенде, қимастық сезімі оянып кетпей ме деп алаңдадым. Себебі өзім табиғатымнан эмпат адаммын, эмоционалдымын, көп нәрсені жүрегіме жақын қабылдаймын. Бірақ дәрігерім “суррогатты ананың есі сау болса, ол адамда аналық инстинкт өздігінен пайда болмайды” деген. Осы пікірі жақсы әсер еткен сынды”, – деді суррогат ана.

Ол ата-аналардан суррогат анадан баланы жасырмауды, олардан қашқақтамауды сұрады. Өйткені өзін қалыпты сезіну үшін суррогат ана босанған баласын көруі қажет.

“Көбісі суррогат ана баланы көрмесін, бауырына баспасын деп жатады, бірақ, керісінше, көруі керек. Өйткені көрмесе, ішінде сезім қалып қояды. Ол баланың бөтен екенін көргенде ғана жағдайды жібере алады. Мен егіздің бір сыңарын босанып, екінші толғақты күтетін кезде дәрігер баланы қасыма жатқызды. Жаңа туған сәби әдемі екен деп қана ойладым, болды, басқа сезім пайда болған жоқ. Өз балам емес екенін сезіп, ұқтым. Өз балаңды дүниеге әкелгенде, жүрегің езіліп, көңілің иіріліп тұрады. Ал бұл кезде ондай ерекше сезімді бастан өткермедім”, – деді Үмітжан.

Айтуынша, ол қазір балаларды іздегісі де келмейді, олардың жағдайына алаңдамайды.

“Мен оларды іздегім келген жоқ, ондай қызығушылық болмады. Өйткені олардың асыға күткен өз ата-аналары бар. Айтқым келетіні – ата-аналар суррогат анадан қашпауы керек, ешкім балаңызды ұрламайды. Себебі бұл әрекет суррогат ананың қызметін аяқасты еткендей болады, көңілге ауыр тиеді”, – деді ол.

«Болашақ» суррогат аналар орталығының Дамира Шоқан аналар баламен қоштасуға 9 ай дайындалатынын айтып өтті.

“Суррогат аналар оның өз баласы емес екенін сезеді. Өйткені УЗИ кезінде жатырда алғашында ештеңе болмайды, сәлден соң оларға қолдан эмбрион салынады. Сол кезде бұл эмбрион махаббатының нәтижесі емес, өзгенің нәрсесі екенін ұғады”, – деді ол.