Британ депутаты Назарбаев әулетінің байлығын бұғаттауды ұсынды

0
587

Ұлыбритания Парламентінің депутаты Маргарет Хэдж Қазақстанды халықты тонап байыған әулет басқарып отырғанын мәлімдеп, олардың Еуропадағы байлығын бұғаттауды ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz сайты bugin.kz порталына сілтеме жасап

«Дүниенің тағы бір бұрышында жемқорлық жайлаған Қазақстан атты мемлекет бар. Оны бекер айтып отырғаным жоқ. Өйткені Ұлыбританияның өзі де бұл елде крептократияның етек алуына себепкер, екінші жағынан жемқорлықтан құтылуына да көмектесе алатын ел. Ол үшін британ үкіметіне екі ұсыныс айтқым келеді. Біріншісі – Қазақстанды тонаған билеуші таптың Ұлыбританиядағы байлығына санкция салу. Екіншіден – Ұлыбритания елдегі лас ақшаны шығарып, елге қайтаруына көмектесу», — деп атап өтті депутат Парламентте отырып сөйлеген сөзінде.

Хэдж сөз барысында қазақ елінің жарты байлығы 162 адамның қолында екенін, мұны «масқаралық» деп атады.

«Елді жемқорлықпен байыған Назарбаев әулеті басқарып отыр. Назарбаев әулетіне жақын 162 адам ел байлығының 55 пайызын қолда ұстап отыр. Елде адам құқығы мен БАҚ бостандығы аяққа тапталуда. Назарбаевтың қандай адам екенін АҚШ президенті Клинтон әкімшілігінің мемлекеттік хатшы орынбасары Джонатан Винердің 2006 жылы айтқан сөзінен анық байқаймыз: «Әлемде дәл Назарбаев сияқты жемқорлыққа белшесінен батқан бірде-бір адам жоқ. 90-жылдардан бері, 15 жыл бойы жемқорлыққа батқан адам». Бұл әулеттің жемқорлығын біле тұра Ұлыбритания билігі бұған көз жұма қарады. Лас ақшаны тығуға көмектесті», — деді ол.

Оның айтуынша, британ шенеуніктері 205 қазақстандық клептократтың Tier 1 Investor виза алуына көмектесті. Ал Chatham House жариялаған есепте қазақстандық элитаның Ұлыбританияда 500 млн фунт стерлингте тең дүние-мүлкі бары айтылған. Оның 330 млн фунты Назарбаев әулетінікі.

«Сондай-ақ жақында Назарбаевтың атындағы төрт қайырымдылық қорының ақшасы жемқорлықтан түскен қаржы екені дәлелденді. Ондағы байлық 7,8 млрд долларға тең», — деді Хэдж.

Оның айтуынша, Қазақстандағы диктатура қаңтар көтерілісіне жол ашты. Соның кесірінен жүздеген адам қайтыс болып, ел қанға бүкті. Ұсталып, зорлық көрсетіліп жатқандар тағы бар.

«Ұлыбритания бұдан сабақ алуы тиіс. Қазақстандағы қанды қырғынға Ұлыбританияның да қатысы барын ұмытпайық. Сондықтан мұны тоқтатуымыз керек», — деді сөз соңында депутат.