Brexit жөнінде қайта референдум өтуі ықтимал

0
105

Ұлыбританияда ең ірі оппозициялық Лейбористік партиясы парламент қарауына я Еуропа одағынан (ЕО) шығу туралы келісім жобасын қолдауды, я құжатты жалпыхалықтық дауыс беруге шығаруды таңдау жөнінде заң жобасын ұсынды. Дегенмен, Лейбористік партия басшылығы Brexit мәселесі бойынша қайтадан референдум өткізу қажет емес деген ұстанымынан айнымайды. Өткен аптада парламент премьер-министр Тереза Мэй ұсынған Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығуы жөніндегі келісім жобасын мақұлдамаған еді.

Лейбористер жетекшісі Джереми корбин Brexit шартын Ұлыбритания Еуропа одағымен кеден одағында қала беретіндей қылып өзгерту қажетін айтады. Алайда, партиядан сайланған депутаттардың көбі қайта референдум өткізуді қолдайды.

Тереза Мэй жуырда парламентте «Б жоспарын» таныстырған. Бұл жоспарда Еуропа одағымен келіссөзді жалғастыра беру керектігі айтылған. Лондон мен Брюссель арасындағы келіссөзде негізгі түйткілді мәселе – Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара мәртебесі жөнінде келіспеушілік болып отыр. Еуропа одағы бұған дейін Ұлыбританиямен уағдаласқан келісім жобасы өзгертілмейтінін мәлімдеген.

Егер бұл мәселеге қатысты тараптардың ұстанымы таяуда өзгермесе, онда Ұлыбритания парламенті қосымша келіссөз жүргізу үшін ЕО-дан шығу мерзімін кейінге қалдыру, бұған дейін мақұлдамаған келісім жобасын қолдау, қайтадан референдум өткізуге келісу я болмаса ЕО-мен кеден одағында қала беруге келісім берудің бірін таңдауға мәжбүр болады. Парламент тіпті ешқандай әрекет қылмаса, онда 29 наурызда Ұлыбритания ЕО-дан ешқандай келісім жасаспаған күйі шығып кетеді.

Дереккөз: Азаттық