Бразилияда COVID-19-ға қарсы препараттың сынағынан кейін 11 адам көз жұмды — Қазақстан жаңалықтары

0

Бразилияда АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирусқа қарсы ұсынған «Хлорокин» препаратының клиникалық сынақтары тоқтатылды. Оның себебі эксперименттің 11 қатысушысының көз жұмуы болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі  Inquisitr сайтына сілтеме жасап.

Безгекпен күресуге арналған «Хлорохин» препаратының сынағына 81 адам қатысты. Қатысушылардың жартысы 600 миллиграмм дозаны қабылдаған. Қалған жартысы күнделікті орташа доза 450 миллиграммды қабылдаған. Үш күннен кейін зерттеушілер жоғары дозаны қабылдаған науқастардан аритмияны байқай бастады. Сынақтың алтыншы күні 11 науқас көз жұмды, содан кейін жоғары дозаны зерттеу кезеңі дереу аяқталды.

«Хлорохинді жоғары дозада қабылдау қауіпті деп табылды. Зерттеу хлорохиннің кейбір науқастарға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін екендігі жайлы қосымша дәлелдер берді», — дейді зерттеу авторлары.

Олар «Хлорохинді» COVID-19 ауруы бар адамдарды емдеуде қолдану тек дәрігердің нұсқауы бойынша, науқастар мен олардың отбасыларының келісімімен және мамандардың бақылауымен жүзеге асырылуы керек деп қосты.

Айта кету керек, хлорохин кеңінен қолданылатын гидроксихлорохинмен тығыз байланысты. Оны АҚШ президенті Дональд Трамп COVID-19-ға қарсы тиімді ем ретінде бірнеше рет айтқан.

«Бірге қабылданған гидроксихлорохин мен азитромицин медицина тарихын өзгерте алады. АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы тау қопарды. Рахмет сіздерге! Екі дәрі де бірден қолданыла бастайды деп сенемін!»- деп жазды Трамп 21 наурызда өзінің Twitter-дегі парақшасында.

Наурыз айының соңында француз ғалымдары «Гидроксиохлорохинді» зерттеудің аралық нәтижелері туралы хабарлады, соған сәйкес препарат «Азитромицин» антибиотигімен бірге жаңа коронавирусқа қарсы тиімді ем болып шықты.

Сондай-ақ, Қазақстанда COVID-19 вирусы бар науқастарды күту мен емдеумен айналысатын медицина қызметкерлері арасында коронавирустың алдын алу үшін «Гидроксиохлорохин» препараты қолданылатынын атап өтеміз. «Хлорохин» клиникалық хаттамаға резервтік емдеу препараты ретінде енгізілген, бірақ ол Қазақстанда әлі жоқ.

stan.kz