Бразилия мектебіне жасалған шабуылдан кем дегенде сегіз адам қаза тапты

0

13 наурызда Бразилияның Сан-Паулу қаласының іргесіндегі мектепке шабуыл жасалып, кем дегенде бес оқушы мен мектептің екі қызметкері қаза тапты. Биліктің мәліметінше, шабуыл жасағандар – бұрын осы мектепте оқыған екі оқушы. Кейіннен олардың бірі қасындағы серігін, артынша өзін атып өлтірген.

Әскери полиция полковнигі Марсело Салес «екеуінің қолында револьвер, пышақтар, кішкентай балта мен жарылғыш қоспасы бар бөтелке болғанын» айтады. Салестің сөзінше, шабуыл жасағандар мектеп ауласында жүрген балаларға оқ атып, кейін ғимараттың арғы бетіне өткен. Сонда бірі екіншісін атып, артынша өзін өлтірген.

Күдікті ретінде 17 жастағы Гильермо Монтейро мен 25 жастағы Энрико де Кастро танылды. Шабуылға не себеп болғаны әзірге белгісіз. 17 жастағы күдіктінің анасы «ұлын мектепте әлдекімдер қорқытып-үркіткенін» айтқан.

Қаза тапқандар — 15-17 жас шамасындағы балалар мен 38 және 59 жастағы екі қызметкер. 11 адам жарақаттанған. Жергілікті шенеунік «шабуылдаған екі бала мектепке бара жатқан жолда көлік жуу орнының иесін атып өлтіргенін» хабарлады.

Бразилия мектептеріне бұған дейін де шабуыл жасалған. 2011 жылдың сәуірінде Рио-де-Жанейро мектептерінің біріне бұрын сонда оқыған азамат шабуыл жасап, 12 баланы мерт қылған. Бірнеше адам жарақаттанған. Артынша ол өзіне-өзі қол жұмсаған.

2017 жылы Бразилияда 64 мың адам өлген. 100 мың адамға шаққанда қаза тапқандар саны – 31.

Азаттық