Бразилия халқы «Футбол королі» Пелені ақтық сапарға шығарып салды (фото)

0

Бразилия халқы «Футбол королі» Пелемен қоштасты. Ұзақ уақыт бойы ауыр дертпен күресіп келген әйгілі футболшы 2022 жылдың 29 желтоқсанында 82 жасында өмірден өткен еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ BBC-дің Орыс қызметіне сілтеме жасап. Пелемен қоштасу рәсімі өзі доп тепкен «Сантос» футбол клубының стадионында өтті. 

Стадионға дейін футболшының денесі салынған табытты күзеті бар арнайы көліктер алып жүрген. Ал мыңдаған жанкүйр атақты футболшыны ақтық сапарға шығарып салу үшін жол жиегіне тұрып, оған құрмет көрсеткен.

Осыдан кейін футболшының денесі салынған табыт стадионға жеткізілген. Стадионның ортасына дейін табытты Пеленің ұлы Эрдиньо, кезінде «Сантос» клубында ойнаған әйгілі бразилиялық футболшы Зе Роберто және тағы басқа тұлғалар алып жүрген. Стадион жалаумен, гүл шоқтарымен және плакаттармен көмкерілген. Стадиондағы трибунаның бір бөлігіне «Жасасын король!» деген жазуы бар алып баннер жайылған.

Ал сүйікті футболшысымен қоштасуға келген жанкүйерлер рәсім басталғанға дейін бірнеше сағат бұрын стадионның алдында кезекке тұрған. Пелемен қоштасу үшін стадионның алдында кезекте тұрған адамдар

Аңыз футболшымен қоштасуға стадионға оның 100 жастағы анасы, үшінші әйелі Марсия Аоки, ФИФА президенті Джанни Инфантино да келген. Пеленің жұбайы Марсия Аоки футболшымен қоштасуда.

Қоштасу рәсімінде сөз сөйлеген Джанни Инфантино: «Біз әлемдегі барлық елді өздерінің футбол стадиондарының бірін Пеленің атымен атауға шақырғымыз келеді», — деді. Айта кетейік, даңықты футболшының қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көңіл айтқан болатын.