Брайль шрифтінде оқулық шығаратын баспа құрылады

0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы келісім шеңберінде іске қосылған «Орта білім беруді жаңғырту» жобасының негізгі бағыты инклюзивті білім берудге ерекше назар аударып отыр. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Орталық коммуникацялар қызметінде өткен баспасөз мәлихатында мәлімдеді.

«Педагогикалық білімді жаңғыртуға жеке көңіл бөлініп отыр. Педагогикалық мамандықтарға арналған жаңа 30 білім беру бағдарламалары мен болашақ мұғалімді дайындаудың жаңа моделі жасалады. Сонымен қатар, 16 педагогикалық жоғары оқу орындарының материалдық техникалық базасын күшейтуге қомақты қаржы бөлінеді», — деді вице-министр.

Ол келісімнің тағы бір маңызды бағыттарының бірі Инклюзивті білім беруді қолдау екенін атап өтті.

«Осы бағытты жүзеге асыру үшін қосымша білім алу қажеттіліктері бар балаларды оқыту бағдарламасы мен әдістемелік оқу құралы әзірленетін болады. Жалпы білім беретін мектептер базасында ресурстық орталықтар құрылып, жабдықталады. Ресурстық орталықтар изклюзивті білім беру мәселелері бойынша білім беру ұйымдары педагогтарының желілік өзара әрекеттестігі жұмыстарын жүргізумен, практикалық тәжірибелерін енгізумен айналысады. Дефектолог, логопед, сурдоаудармашы, түзету кабинеттері және психо-медико-педагогикалық консультация мамандарының біліктілігін арттыру көзделген», — деді Суханбердиева.

Вице-министр Түзету педагогикасының Ұлттық ғылыми-практикалық орталық жанында көру қабілеті проблемалары бар балаларға арналған Брайль шрифтімен жазылған оқулықтармен, оқу-әдістемелік әдебиеттермен қамту бойынша баспа орталығы құрылады. Жоба барысында мемлекеттік, орыс, ағылшын тілінде осындай кітаптар шығатынына өте қуаныгтымыз.

Жобаның басты бенефициарлары 3 млн астам мектеп оқушылары, оның ішінде ерекше білім қажеттіліктері бар балалар, ауыл мектептерінің 170 мың мұғалімдері мен директорлары, педагогикалық ЖОО студенттері болмақ. Жоба институционалдық деңгейде еліміздің әр мектебінің, әсіресе қиын жағдайдағы мектептердің әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді, олардың жетістіктерін теңестіреді, сонымен қатар жүйелі түрде орта білім сапасын арттырады», — деп айтты ҚР Білім және ғылым вице-министрі.

Айта кетсек, жобаны іске асыруға арналған үлкен комиссия құрылып, комиссия көпшілік алдында есеп беретін болады.

Жоба Елбасының «100 нақты қадам Ұлт жоспары» бағдарламасының 76 қадамында, Білім және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасында белгіленген басымдықтарға сәйкес келеді.

Жобаның жалпы құны — республикалық бюджетпен қаржыландырылатын салықты қоса есептегенде 75 млн АҚШ долларын құрап отыр. Жоспарға сәйкес, бұл қаражатқа ауылдық мектептерге оқу материалдары мен мультимедиалық құрал-жабдықтар сатып алынып, білім беру бағдарламалары жақсартылатын болады. Сондай-ақ, ауылдық мектептердегі мұғалімдердің әлеуетін арттыру бойынша шаралар қолданылып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіледі. Жоба шеңберінде білім берудің жаңартылған мазмұнын қолдауға бағытталған бастамалар кешені жүзеге асырылады деп күтілуде.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ