БҚО-ның қырыққа жуық тұрғынын алдап кеткен өзбекстандық азамат сотталды

0

2018 жылғы 5 желтоқсан 16:36 112

БҚО-ның қырыққа жуық тұрғынын алдап кеткен өзбекстандық азамат сотталды


ОРАЛ. ҚазАқпарат — Орал қалалық сотының үкімімен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған өзбекстандық азамат Муродулло Юлдашев сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш соттан түскен мәліметке қарағанда, М.Юлдашев ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды.

Өзбекстандық азаматқа 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орта қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу кесілді.

1993 жылғы М.Юлдашев тергеу барысында анықталмаған тұлғалармен ымыраласып, алаяқтық жолмен тез баюды жоспарлап, Қазақстан аумағында «Лесных» ЖШС-ын құрған.

Ол интернетте құрылыс материалдарын базардағыдан төмен бағамен сату туралы хабарландыру орналастырып, алдын ала төлемақы алып, қазақстандық азаматтармен келісімге отырған. Содан кейін түрлі сылтаулармен құрылыс материалдарын жеткізу кешіктіріле берілген.

Осылайша М.Юлдашев БҚО-ның 39 азаматына аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген.

Жәбірленушілердің пайдасына азаматтық талап-арыз бойынша залалдар өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ірі көлемде алаяқтық жасаған өзбекстандық азаматтың тергеліп жатқанын жазған болатынбыз.